Батыс Қазақстан облысында 19 оқушы жұқпалы аурулар ауруханасына түсті, - деп хабарлайды "Мой город".
Батыс Қазақстан облысында 19 оқушы жұқпалы аурулар ауруханасына түсті, - деп хабарлайды "Мой город".
Басылымның мәліметінше, ауруханаға түскендердің барлығы "Дарын" мектеп-интернатында оқиды. Балалардың бүгін таңертең өздерін жайсыз сезінгендері белгілі болды. Мамандардың айтуынша, нақты диагноз әлі қойылған жоқ.
"30 қазан күні таңертең №11 жұқпалы аурулар ауруханасына 19 оқушының түскені туралы хабарлама жетті. Ауру белгілері әркімде әртүрлі, бірінің жүрегі айнып, бірінің басы айналып, енді біреулері бастарының ауыратындарын айтып, шағымданды. Оқушылардың барлығы ауруханаға жатқызылды, қазір тексеруден өтіп жатыр", - дейді БҚО бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Мұхамед Арыспаев.
Оның сөзіне қарағанда, балалардың жастары да әртүрлі, 5-6 сыныпта және жоғары сыныпта оқитындары да бар. "Нақты диагноз әлі қойылған жоқ, бірақ энтеровирустық инфекция ма деп күдіктеніп отырмыз", - деді Арыспаев.
Айта кетейік, балалардың жағдайына орташа тұрақты деген баға берілді. Олардың кейбірі бүгін үйлеріне қайтуы мүмкін, тағы бір айта кететін жайт, ауруханаға түскен балалардың барлығы мектеп интернатында тұрады. Қазіргі таңда мектепте құқық қорғау органдары мен прокуротура мамандары жұмыс істеп жатыр. Төтенше жағдайдың мән-жайы анықталу үстінде.