Ақмола облысында көлде екі қыз суға батып кетті, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Ақмола облысында көлде екі қыз суға батып кетті, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Куәгер Ұлан Әбішевтің айтуынша, қайғылы оқиға 6 тамызда күндізгі уақытта сағат шамамен 13.45-те Бурабай курортының Ақылбай елді мекені жағындағы Малое Чебачье көлінде болған.
"Отбасымызбен қайғыға душар болдық. Бүгін Малое Чебачье көлінде демалғанбыз. Бірнеше сағат шомылғаннан кейін жинала бастадық, сосын мен естелік болсын деп суретке түсірдім. Кейін суреттердің бірінде қайғылы оқиғаның бейнеленгенін анықтадық. Сол кезде екі қыз бен бір жасөспірім өмірі үшін арпалысып жатыпты. Олардың үрмелі матрасы желден аударылып кеткен екен. Оларды құтқаруға бірнеше жігіт жүзіп барған, алайда тек баланы құтқаруға әлдері келіпті. Амал не, қыздарды құтқара алмапты. Олар жағалауда жүгіріп, құтқарушыларды шақыруды сұраған, ал құтқарушылар бір сағаттан кейін келді. Осы бір сағат бойы қыздарға қарап ашарасыз тұрдық. Әйелдер мен балалар жылады. Көлде кезекшілер болмады, қайық та, құтқару жилеттері де болмады", - деп жазды ол.
Қайғылы оқиға туралы мәліметті ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі Руслан Иманқұлов растады.
"17.09-да Бурабай ауданында, Малое Чебачье көлінде жедел құтқару жасағы 1999 жылғы қыздың денесін алып шықты, ол шомылуға арнайы жасақталмаған жерде шомылған. Сол жақта суға батып кеткен 1996 жылғы тағы бір қызды іздестіру шаралары жүріп жатыр", - деп хабарлады Иманқұлов.
© Ұлан Әбішев
Ал Қазақстан бойынша 6 тамызда шомылуға арнайы жасақталмаған жерде суға түскен 11 адам қаза болған, тағы біреуін іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. ТЖК мәліметінше, суға батып кеткендердің екеуі - балалар.