Павлодарда қоқыс жәшігінен табылған нәрестенің беті бері қарады. Дәрігерлер баланың өміріне еш қауіп жоғын айтады, - деп хабарлайды "Астана ТВ".
Павлодарда қоқыс жәшігінен табылған нәрестенің беті бері қарады. Дәрігерлер баланың өміріне еш қауіп жоғын айтады, - деп хабарлайды "Астана ТВ".
Тілшілердің мәліметінше, шақалақ облыстық перинаталдық орталық мамандарының жіті бақылауында. Түскен кезде сәбидің дене температурасы 35,4 градус болған. Дереу жансақтау шараларын жүргізген ақ халаттылар нәресте жарты сағаттай далада жатып қалған деп болжады. Ұл бала, салмағы үш жарым келі. Дәрігерлер бала осыдан 10-12 күн бұрын айы-күні жетіп туған деп отыр.
"Ауруханаға түскен кезде баланың хәлі ауыр болды. Суықтан қатты тоңып қалған. Қазіргі уақытта жағдайы тұрақталған. Өте белсенді. Зерттеудің барлық параметрлері мен талдаулары жақсы. Қалыпты деуге болады", - дейді Павлодар облыстық перинаталдық орталықтың бөлімше меңгерушісі Шолпан Құрманова.
Еске салайық, Павлодарда қоқыс жәшігінде жаңа туған нәресте табылған еді. Бұл ақпаратты аймақтық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері растады. Сәбиді қоқыс жәшігінен Палодардың көпқабатты үйлерінің бірінің тұрғындары кездейсоқта тауып алған. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Полиция өкілдері бұл оқиғаға қатысты әзірше ресми ақпарат берген жоқ. Осы іске қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 119-бабы бойынша іс қозғалған. Сәбидің анасы іздестіріліп жатыр.