Фармацевт әйелін айуандықпен өлтірген жігіт оқиғаның жай-жапсарын баяндап берді, - деп хабарлайды "Алматы" телеарнасы.
Фармацевт әйелін айуандықпен өлтірген жігіт оқиғаның жай-жапсарын баяндап берді, - деп хабарлайды "Алматы" телеарнасы.
Алматы облысында 12 жыл отасқан жұбайын дәріxана ішінде 22 жерінен пышақтап, айуандықпен өлтірген Азамат Құлымбетовтың ісіне қатысты сот процесі басталды. Күдікті жантүршігерлік қылмысқа әйелі көзіне шөп салғандықтан барғанын айтады. Алайда марқұмның туыстары мұны жоққа шығарып отыр. Олар қандықол қылмыскер әйеліне күн көрсетпейтін, күнде көкала қойдай қылып сабайтын дегенді алға тартады.
Осы қыста "Асыл арман" ықшамауданындағы дәріxаналардың бірінде фармацевт болып жұмыс істейтін Жанар Насырова қапыда қаза тапты. Жас келіншекті өзінің 12 жыл отасқан күйеуі бірнеше жерінен пышақтап, айуандықпен өлтіріп тастаған. Қанды қылмыс дәріхана ішіндегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған еді.
"Пышақтың үшкір ұшымен Насырованың денесіне бірнеше рет соққылар жасап, дене жарақаттарын салған. Кейін, пышақтың көмегімен жәбірленушінің аса маңызды органы болып табылатын мойын тұсын пышақтың жүзімен кесіп жіберіп, артынша мойнына пышақты сұғып алып, пышақты жәбірленушінің мойын тұсына тығылған күйінде қалдырып, оқиға орнынан бой тасалап кеткен", - деді Алматы облыстық прокуратурасының басқарма прокуроры Тілеуғали Сәрсембаев.
Қансыраған Жанар ертесінде Алматыдағы №7 ауруxанада операция кезінде жан тапсырды. Ал қылмыстың ізі суымай ашылып, Азамат Құлымбетов бірден қолға түскен еді. Айыпталушы орындығында отырған ол қолын не себепті қанға бояғанын былай түсіндірді.
"Соңғы жылы әйеліміз екеуіміздің ортамызда бір еркек пайда болды. Отбасымды бұзды. Ақбаев Жандос деген. Ұзынағаш облысында тергеуші болып жұмыс жасайды. Сағат 1-лер шамасында сол Жандоспен жыныстық қатынас кезінде ұстап алдым машинаның ішінде. Содан әйелім ертесінде 2 баланы алып кетіп қалды. Жер болғанымды сездім, содан кейін неге қайтып келгенімді өзім де білмеймін. Бір есімді жинасам, мойнына пышақ тығып алыппын", - деді күдікті Азамат Құлымбетов.
© 360tv.ru сайтындағы видеоның кадрлары
Десе де, марқұмның туыстары күйеу балалары өзін ақтау үшін жалған сөйледі, дейді. Олар Жанардың адал жар, аяулы ана болғанын айтады. Тіпті, отбасын бағуды да өз мойнына алыпты. 2 жылдай Ұзынағаштағы жедел жәрдем қызметінде фельдшер болған күйеу балалары соңғы кездері жұмыссыз қол қусырып Жанардың тапқанын талғажау еткен екен. Онысымен қоймай, күн құрғатпай көкала қойдай қылып әйелін сабай берген.
"Ұрып-соғатын, дым күн көрсетпеді қызыма. Ажырасам деп бір соты болған, ажырасу процесі болған. Бірақ сәуірде 2 ай мерзім берген. 2 айдан кейін ажырастырамыз деп. Сол 2 айға толмай өлтіріп отыр. Сонда дүние-мүліктің бәрін шешелеріне, әкесіне аударып тастаған. Бәрін ойластырып істеген", - деді Жанар Насырованың анасы Секер Қоңқасова.
Ұстасқан қолдарын ажыратпауға серттесіп үйленіп, кейін xикаясы қайғымен аяқталған ерлі-зайыптының екі ұлы бар. Үлкені 11-де болса, кішісі 5-ке енді келген. Жазықсыз балалар күн сайын анасын аңсайды.
Соттың алдын ала тыңдалымының өзінде Азамат Құлымбетов жұбайын не себепті өлтіргенін жайып салып, өз кінәсын мойындап үлгерді. Десе де, соттың басты талқылауы қыркүйектің төртінде өтеді. Сол отырыста күдіктіден толыққанды жауап алынбақ. Ал куйеу балаларынан жиренген Жанардың отбасының тілегі бір. Олар сот әділ шешім шығарса дейді.