Талғат Мұқашев - Алматыдағы блокбекетте екі полицейді қағып өлтірген Азат Азаматовтың әкесі. Ол "31 арнаға" берген сұхбатында ұлы туралы айтып берді.
Талғат Мұқашев - Алматыдағы блокбекетте екі полицейді қағып өлтірген Азат Азаматовтың әкесі. Ол "31 арнаға" берген сұхбатында ұлы туралы айтып берді.
Телеарна мәліметінше, Талғат Мұқашев 28 жыл ішкі істер органдарында жұмыс істеген, қазір зейнетте. Оның айтуынша, ұлы жол апаты болған кезде полицияда жұмыс істеп жүрген және мамыр айында аға лейтенант шенін алған.
"Олар (полицейлер - автор) ақылға сыймайтын мәліметтерді айтып жатыр. Ол жұмысын дұрыс атқармаса, оған не үшін алғыс хат беріп, аға лейтенант шенін береді? Ұлымды нашар жұмыс істеді, алқаш деп айыптап жатыр. Оған осындай айыптар тағылып жатса, басшылық қайда қарады? Ішетін адамға неге ішкі істер органдарында жұмыс істеуге рұқсат береді?", - дейді полицейдің әкесі.
Оның айтуынша, ұлы соңғы уақытта қатты шаршап жүрген, себебі ұзақ уақыт бойы демалыссыз жұмысқа шығып жүрген. Азаматовтың әкесі ұлы сол күні рөлде отырып ұйықтап қалған болуы мүмкін дейді.
"Коронавирус үшін мүлде демалған жоқ. 18-19 күн жұмыс істеді. Жол апаты таңғы 5-те болған, сол уақытта ұйықтап қалған болуы мүмкін деп ойлаймын. Адам демалмай жұмыс істесе, рөлде отырып ұйықтап қалуы мүмкін. Иә, ол заң бойынша жол апаты үшін жауап беруі керек. Бірақ мен оның әріптестерін қасақана қағып өлтірді дегенге сенбеймін", - деді Азаттың әкесі.
Талғат Мұқашев қаза тапқан полицейлердің отбасына көңіл айтты.
Еске салайық, Алматыда мас жүргізуші блокбекетті соғып өтіп, салдарынан екі полицей қаза тапқан болатын. Оқиға 25 мамырда таңғы сағат 05.26-да болған. Кейін жол апатынан соң үшінші полицейдің жансақтау бөлімінде жатқаны хабарланған еді.
Осы оқиғадан кейін үш шенді қызметінен кеткен болатын.
Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!