Жамбыл облысында автобустың қатысуымен ірі жол-көлік оқиғасы болды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне "Приозерск қалалық орталық аурухана" КМҚК мамандары хабарлады.
Жамбыл облысында автобустың қатысуымен ірі жол-көлік оқиғасы болды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне "Приозерск қалалық орталық аурухана" КМҚК мамандары хабарлады.
Алдын ала мәліметтер бойынша, жол-көлік оқиғасы Алматы - Екатеринбург тас жолының 395-шақырымында, Жамбыл облысының аумағында Приозерскіге жақын маңда болған. Астанадан Шымкентке қарай кетіп бара жатқан автобус көктайғақтың салдарынан жол шетіндегі жыраға аударылып кеткен. Алдын ала мәлімет бойынша, жол апатынан 10 адам қаза тапты.
Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметі ірі жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен төрт адамды Приозерск қалалық ауруханасына жеткізді. Олардың үшеуі - ер адам, арасында Қырғызстанның бір азаматы бар және төртіншісі жүкті әйел. Бір ер адам мен әйел қазір Балқаш ауруханасына ауыстырылды. Тағы бір зардап шеккен адам туыстарының өтінішімен ем алу үшін Алматыға жіберілді. Қырғызстан азаматы ауруханадан шығып, емханада емделетін болды. Дәрігерлердің мәліметінше, олар әйелдің баласын сақтап қала алды.
Айта кетейік, полиция Жамбыл облысында автобустың қатысуымен болған ірі жол-көлік оқиғасына қатысты түсінікті әзірше берген жоқ. Еске сала кетейік, желтоқсан айының соңында Қарағанды мен Балқаш аралығындағы тас жолда автобустың қатысуымен ірі жол-көлік оқиғасы болған еді. Тәжікстанның 58 азаматы отырған рейс автобусы жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, Mitsubishi Galant жеңіл автокөлігіне соғылды. Автобус жолаушылары зардап шеккен жоқ. Ал жеңіл көлікте болған бес жолаушы әртүрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.