Жамбыл облысында жедел жәрдем дәрігеріне оқ атылған. Алдын ала мәлімет бойынша, травматикалық тапаншадан атқан. Бұл ақпарат әлеуметтік желілерде тарады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Деректі облыстық денсаулық сақтау басқармасы растады. Зардап шеккен адамға ота жасалған, оның жағдайы тұрақты деп бағаланды.
"Науқасқа шұғыл операция жасалып, екі сантиметр тереңдікке кірген оқ сәтті алып тасталды. Қазіргі уақытта зардап шеккен адамның жағдайы тұрақты, өміріне қауіп жоқ. Науқас динамикалық бақылау палатасында. Жағдайы нашарлаған жоқ", – деп хабарлады Tengrinews.kz тілшісіне басқарма өкілдері.
Полиция департаменті бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
"Барлық қажетті тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Олардың нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады", – деп толықтырды полиция.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!