Жаңаөзенде 16 жастағы жігітті достары бензин шашып, тірідей өртеп жіберген. Бірақ күдіктілер әлі күнге дейін бостандықта жүр, - деп хабарлайды "Еуразия бірінші арнасы".
Жаңаөзенде 16 жастағы жігітті достары бензин шашып, тірідей өртеп жіберген. Бірақ күдіктілер әлі күнге дейін бостандықта жүр, - деп хабарлайды "Еуразия бірінші арнасы".
Оқиға 30 наурызда Жаңаөзен қаласы Теңге ауылында болған. Баланың анасы Балғаным Омарованың айтуынша, 16 жастағы ұлы жантүршігерлік жағдай болар күні екі досымен сыртқа шығып кеткен. Кешкі сағат сегіз жарымда көршісі жүгіріп келіп, жайсыз хабарды жеткізген. Өртеніп жатқан ұлын қасындағы ауылдастырының бірі су шашып сөндірген. Сол сәтте ол шұғыл жедел-жәрдем шақырып, бала аудандық ауруханаға жеткізіледі.
Телеарнаның мәліметінше, ауруханада шала-жансар жатқан жігіттің анасы тәртіп сақшылары қылмыстық іс қозғауға асықпай отыр деп алаңдаулы. Ал денесінің жартысынан астам бөлігін жалын шарпыған зардап шегушігің жағдайы тым ауыр.
"103" звондап скорый шақырдым. "103" скорый келіп, больницаға апара жатқанда да мама өліп бара жатырмын. Наурыз өртеді мені, Наурыз өртеді деп қоймады скорыйда. Түгел баламның беті, екі аяғы, екі қолы түгел жанып кеткен. Енді талабым - арыз көтеру керек. Менің баламның жағдайы осындай енді. Аппараттан шықса, бала кетіп қалуы мүмкін деп отыр врачтар. Анық жауабы солай: баламның қазір тек жүрегі соғып, аппаратта жатыр", - дейді анасы Балғаным Омарова.
Дәрігерлердің айтуынша, денесінің жартысын күйік шалған жасөспірімді санитарлық авиациямен Астанаға апару қажет. Өйткені, науқасқа ота жасамаса болмайды. Қазір тиісті құжаттар рәсімделіп жатыр.
"Алған жарақаты күйік. Өте үлкен. Дененің 50-52 пайызға күйген. Екі аяқ, екі жамбас, шап, іштері бар, арқасы бар, беті, екі қолы", - дейді облыстық аурухананың травматология бөлімінің дәрігері Құралбек Есқалиев.
Әзірше, жантүршігерлік оқыс оқиғаның қалай болғаны ешкімге белгісіз. Бірақ ана жүрегі ұлына достарының тарапынан бір қастандық жасалғанын сезіп отыр. Қожахметтің үстіне бензин шашып, өрт қойған деген де күдік бар. Алайда, құқық қорғау органдарына арыз түсіргенімен, әлі күнге дейін еш әрекетсіз отыр деп қынжылады.
"Сол енді менің өкпем милицияларға. Баламның ісін қозғай алмай отыр ар жағында. Екі бала жүр. Я аналары келіп, кешірім сұраған жоқ. Я баламнан болды деп жатқан жоқ. Сонымен отырмын", - дейді анасы Балғаным Омарова.
Ал облыстық Ішкі істер департаментінің мәліметінше, бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тиісті медициналық сараптама жасау үшін зардап шегушінің жағдайы жақсару керек. Ал 20 күннен астам жансақтау бөлімінде жатқан науқасты әзірше қозғауға болмайды екен.
"Бұл іс Жаңаөзен Ішкі істер басқармасына тіркелді. Тексеру амалдары жүргізілуде. Жасөспірім ауруханадан шыққаннан кейін сот сараптамасы тағайындалатын болады", - дейді облыстық ішкі істер департаменті бөлімі бастығының міндетін атқарушы Әйгерім Ибатуллаева.
Өте ауыр халде жатқан жасөспірім қазір тек аппаратпен ғана тыныс алады. Өлім мен өмірдің ортасында жатқан баласы Қожахметтің амандығын тілеген ана кінәлілерді анықтамай тынып таппаймын деп ашынып отыр.