Алматыда жедел жәрдем көлігінің жүргізушісіне жұдырық ала жүгірген Түркия азаматы туралы жаңа деректер пайда болды. 28 жастағы Али Демир темір тұлпарды 4 ай бұрын сатып алған. Осы уақытта бірнеше рет жол ережесін өрескел бұзып үлгерген. Ал бүгін әріптесіне темір тұлпар сатқан отбасы көліктің ақшасын алғанымен, құжаттары жөнді жасалмағанын айтады. Сондықтан желіге әлдекімдер біз туралы жалған ақпарат таратты деп отыр. Бұл туралы Алматы телеарнасы хабарлады.
Алматыда жедел жәрдем көлігінің жүргізушісіне жұдырық ала жүгірген Түркия азаматы туралы жаңа деректер пайда болды. 28 жастағы Али Демир темір тұлпарды 4 ай бұрын сатып алған. Осы уақытта бірнеше рет жол ережесін өрескел бұзып үлгерген. Ал бүгін әріптесіне темір тұлпар сатқан отбасы көліктің ақшасын алғанымен, құжаттары жөнді жасалмағанын айтады. Сондықтан желіге әлдекімдер біз туралы жалған ақпарат таратты деп отыр. Бұл туралы Алматы телеарнасы хабарлады.
Озкылычтар отбасында кешегі жаға ұстатарлық оқиғадан кейін маза жоқ. Айтуларынша, әлеуметтік желіге әлдекімдер көліктің иесі туралы бар ақпаратты жүктеп жіберген. Онда Айгүл Озкылыч туралы бар мәлімет көрсетіліпті. Ал содан кейін отбасыға бірнеше адам хабарласып, сес көрсеткен көрінеді. Бұған шыдамаған олар бүгін бар шындықты жайып салды. Айтуларынша, Али Демир отағасының бизнестегі әріптесі екен. Көлікті сатып алғанымен, Қазақстан азаматтығы жоқ жігіт құжатты 4 айдан бері рәсімдей алмай жүрген.
"Ана кісі менен машинаны сұрады. Мен саттым. Толық ақшасын төледі. Машинаны тіркеуден шығарып береміз деген. Бірақ көлік тіркеуден шығарылмай қалғанда, әйелі екіқабат болған, ауырып ауруханаға түсті. Әйелі босанғаннан кейін де көлікті тіркеуден шығарып әйелінің атына бере алмадық. Жай ғана сенімхатпен, сақтандыру куәлігінде аты-жөнін жаздырып, көлікті бере салдық", - деді Эркан Озкылыч.
Үш баласы бар отбасы жеке деректі желіге таратқандарды жауапқа тартқызбақ. Тіпті, арыз да жазып қойған. Олар темір тұлпарды Али Демирге сатқалы бері келеңсіздік көп болып жатқанын айтады. Сөздерінше, жұдырық ала жүгірген жігіт жиі жол ережесін бұзады екен. Шілде айында шамамен, 7 рет айыппұл алыпты. Оның қатарында жылдамдықты шамадан тыс асырып, бағдаршамның қызыл түсіне өткені үшін айыппұл да келген.
"Жаман жағдайда қалдым. Ұят іс болды. Ол 60-тан асқан үлкен кісі, өзінің әкесімен жасты. Ондайға баратын жігіт деп ойлаған жоқпыз. Он саусақ бәрі бірдей емес қой. Ондайды біз де күткен жоқпыз. Ол көлікке ие болғалы бері, жол ережесін бұзғаны туралы 6-7 рет айыппұл түбіртегі келді. Демек, расымен де, жол ережесін бұзып жүрген болды ғой", - дейді Айгүл Озкылыч.
Ал заңгер Асқар Қаймақов жедел жәрдем бригадасына өздерін қорғайтын құрал-жабдықтар берілсе деген ұсыныс айтты. Сондай-ақ, жұмысқа физикалық тұрғыдан дайындығы бар қызметкерлер алынса дейді.
"Бұл бүгін ғана туындап отырған мәселе емес. Бригада науқасқа шыққанда жолда түрлі кедергілер туындататын жағдайлар болады. Өздері дәрігер шақырып алып, тиісетіндер де бар. Сол үшін экипажға қорғанып жүруге арналған электронды қару, газ баллонын алуға заңды түрде рұқсат ету керек. Бізде жедел жәрдем көлігіне жол беру мәдениетін қалыптасыру қажет", - деді заңгер Асқар Қаймақов.
Еске сала кетейік, кеше дабыл белгісін қосып, науқас әкеле жатқан жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі соққыға жығылған болатын. Жеңіл көлікті тақымдаған жүргізуші жол бойы 2 рет жедел жәрдемнің алдын кес-кестеп, жол бермеген. Онысымен қоймай ашуға мініп, жедел жәрдемнің жүргізушісіне жолдың қақ ортасында жұдырық ала жөнелген. Желіге тараған видеода жас жігіттің Николай Кучманың жағасына жармасып, көліктен түсіріп алғаны анық көрініп тұр. Соққыдан жедел жәрдем жүргізушісінің қабағы жарылып, бірнеше жерінен жарақат алған еді.