Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев ірі өрт болған жерге келді. Ол қылмыстық іс қозғалатыны туралы мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев ірі өрт болған жерге келді. Ол қылмыстық іс қозғалатыны туралы мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Бүгін Көк-Төбе тауының оңтүстік-батыс баурайында үлкен өрт болды. Оқиға болған жерге келдім. Қаланың өртке қарсы негізгі күштері: ТЖД-ның жеке құрамының және коммуналдық қызметтердің 1500-ден астам қызметкері, 70 арнайы техника жұмылдырылды. Оқиға жайында ІІМ және Қорғаныс министрлерімен сөйлестім. Қазіргі уақытта 10 гектар аумақтағы өрт ауыздықталды. Жағдай бақылауда. Қалаға қауіп жоқ", - деп жазды әкім Instagram желісіндегі парақшасында.
Сонымен қатар, Сағынтаев өртке қарсы қызмет күші қарауылдау режиміне өткенін хабарлады. Енді өрттің себебін анықтау үшін қылмыстық іс қозғалады.
Алматы әкімі өрт сөндіруге қатысып, ерлік танытып, тілсіз жауды қалаға таратуға жол бермегендерге алғыс айтты.
Еске салсақ, 11 тамызда сағат екілер шамасында Алматыда Көк-Төбе телемұнарасынан бір шақырым жерде қурай жанған болатын. Өрт сөндіруге тікұшақтар жұмылды. ІІМ ТЖ комитетінің мәліметтері бойынша, өрт 19.58-де сөндірілді. Кейін қалада екінші өрт пайда болды. Оған дабылдың үшінші жоғары деңгейі берілді, өрт сөндіру барысында белгісіз адамның денесі табылды.