Қапшағайда балалар мектеп маңында көмілген жаңа туған нәрестені тауып алды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметіндегілер хабарлады.
Қапшағайда балалар мектеп маңында көмілген жаңа туған нәрестені тауып алды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметіндегілер хабарлады.
"Нәресте бүгін 1-ші ықшамаудандағы №2 мектеп-гимназиясының стадионында табылды. Оны көміп тастаған. Нәресте жастыққапқа ораулы болды. Оны балалар тауып алып, ата-аналарына айтқан. Кейіннен олар полицейлерді шақырған", - деді ІІД баспасөз қызметіндегілер.
Полициядағылардың айтуынша, қазіргі уақытта сотқа дейінгі сараптама тағайындалды. "Сараптаманың нәтижесінен кейін барлығы белгілі болады. Қазір оның ұл бала екені ғана белгілі. Денесінде зорлық белгілері табылмады", - деді облыстық ІІД өкілдері.
Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 99-бабы 2-бөлігі бойынша сот алды өндіріс басталды. Анасының кім екенін анықтау мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр. "Полиция қызметкерлері перзентханада босанған және жүктілік бойынша есепте тұрған барлық ананың тізімін алды. Қажетті шараларды жүргізіп жатыр", - деп қорытындылады ІІД өкілдері.