Қарағандыда кәріз коллекторында жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде екі ер адам қаза тапты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оқиға Шахтерлер даңғылында болған. Ресми ақпарат бойынша, "НС Система" ЖШС мердігерлік ұйымының 18 және 41 жастағы жұмысшылары құбырларды жөндеу үшін траншеяға түскен. Сол сәтте топырақ опырылып, олар үйінді астында қалған.
Оқиға орнында олардың әріптестері болған және жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер шұғыл көмек көрсетуге тырысқанымен, зардап шеккендерді құтқару мүмкін болмады. Компания екі жұмысшының қаза тапқанын растады.
"Қаза тапқандар компанияның қызметкерлері емес, олар мердігер ұйымның жұмысшылары. Дегенмен, болған жағдайдың мән-жайын анықтау және кінәлі тұлғаларды табу үшін тергеу органдарына толық көмек көрсетеміз. Бұл – қаза тапқандардың отбасылары үшін қайғылы жағдай. Біз олардың туған-туыстарына шын жүректен көңіл айтамыз. Компания басшылығы қаза тапқандардың отбасына материалдық көмек көрсетеді", - деп хабарлады "НС Система" ЖШС.
Қарағанды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі тергеу басталғанын мәлімдеді.
"Бұл факт бойынша ҚР ҚК-нің 277-бабы 3-бөлігі - "Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Арнайы жедел-тергеу тобы құрылды, тергеу жүріп жатыр", - деп түсіндірді облыстық полиция.
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!