Көкшетауда тұрғын үйдің тұрағына кіреберісте көлік әйелді қағып өлтірді. Қайғылы оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мәліметке сүйенсек, қайғылы оқиға кеше, 9 мамырда болған.
Бейнебақылау камерасына түскен кадрда тұраққа кіріп келе жатқан көліктің жолда кетіп бара жатқан әйелді қағып, үстінен басып өткені көрінеді.
Көліктен шыққан адамдар абдырап, көліктің астына қарай бастайды. Оқиға орнына куәгерлер жүгіріп келеді, біреулер телефонын алып, қоңырау шала бастайды.
Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
"Тергеу аясында оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деді полициядағылар.