Қарағанды облысында көктайғақтың салдарынан тас жолдарда көліктердің кептелісі 5-7 шақырымға жетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қарағанды облысында көктайғақтың салдарынан тас жолдарда көліктердің кептелісі 5-7 шақырымға жетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полицейлердің мәліметінше, 9 қаңтар күні Алматы - Екатеринбург тас жолында қозғалыс қалпына келтірілгенімен, көліктердің жүруіне көктайғақ кедергі келтіріп отыр. Тайғақ жолдың үстіне төгілген тұз бен құмды қатты соққан жел ұшырып кетіп, көлік қозғалысы қиындады, полиция көліктердің ара қашықтығын бақылап, көліктерді өр жерлерден бір-бірлеп өткізіп жатыр.
"Жол-патруль полициясы батальоны қызметкерлерінің шұғыл, үйлесімді әрекетінің арқасында 7-8 қаңтар күндері Қарағанды облысы аумағынан өтетін Алматы - Екатеринбург тас жолында бірде-бір адам зардап шеккен жоқ", - деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, 7 қаңтар күні түнде осы автожолдың 956-шақырымында Mercedes маркалы ауыр жүк көлігі жолдың шетіндегі жарға түсіп кеткен. Алматыдан Астанаға бара жатқан жүк көлігінің жүргізушісі қатты жел мен көктайғақтың салдарынан рульге ие бола алмай қалған. Жүк көлігін автокранның өзі қар астынан шығарып ала алмады, көлік тек келесі күні таңертең қар құрсауынан құтқарылды.
"Қазавтожол" кәсіпорнының мәліметінше, 9 қаңтар күні Қарағанды облысындағы қолайсыз ауа райына байланысты автокөлік қозғалысына шектеулер қойылды, полиция батальоны республикалық маңызы бар тас жолдарда жүргізушілерге ауа райы туралы ескертіп жатыр.