Алматыдағы колледжде гранатаның жарылуынан 12 студент зардап шекті, - деп хабарлайды TengrinewsTV қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкіліне сілтеме жасап.
Алматыдағы колледжде гранатаның жарылуынан 12 студент зардап шекті, - деп хабарлайды TengrinewsTV қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкіліне сілтеме жасап.
Алматыдағы колледжде граната жарылғаннан кейін қалалық жедел жәрдем ауруханасына 1997-1998 жылы туған 12 жасөспірім түсті. Олардың бәрі - Алматы сән және дизайн колледжінде алғашқы әскери дайындық сабағында болған студенттер. Зардап шеккендер жарықшақтан түрлі дәрежеде жарақат алған. Олардың үшеуі ауыр халде жатыр.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, алғашқы әскери дайындық сабағын жүргізген мұғалім ауруханаға түскен жоқ. Колледждің тағы бір студентінің айтуынша, жарылыс кезінде оқытушы сыныпта болмаған. Ол колледжге жұмысқа жақында келген. "Алматы" телеарнасының хабарлауынша, полиция Алматы сән және дизайн колледжінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімін аудандық ішкі істер бөліміне жауап алуға алып кетті.
Еске сала кетейік, 17 қараша күні сағат 08.40-те Алматы сән және дизайн колледжінің екінші қабатында граната жарылған еді. Төтенше оқиға салдарынан бір студент қыз қайтыс болды. Оқиға орнына Алматы әкімі Ахметжан Есімов келді. Қала басшысының орынбасары Юрий Ильиннің айтуынша, әкім қайтыс болған студент қыздың туыстарына көңіл айтты. Есімовтің тапсырмасымен оқиғаның себебін тергеу жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Гранатаның жарылу себебін анықтаумен прокуратура, әскери прокуратура және ішкі істер департаменті мамандары айналысады. Ильиннің айтуынша, алғашқы әскери дайындық сабағында не себепті әскери гранатаның қолданылғаны анықталатын болады. Ол алған жарақатынан оқиға орнында студент қыздың қайтыс болғанын айтты. Тағы сегіз адам ауруханаға жатқызылған. Олардың төртеуі ауыр халде жатыр, қалғандарының жағдайы тұрақты. Колледжде оқу процесі тоқтатылды. Прокуратура қызметкерінің хабарлауынша, қару-жарақты заңсыз сақтау және абайсызда адам денсаулығына нұқсан келтіру баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.