Қызылордада той кортеждерінің 23 жүргізушісіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қызылордада той кортеждерінің 23 жүргізушісіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өткен демалыста Қызылорда полицейлері "Кортеж" рейдтік шарасын жүргізді. Іс-шара барысында ҚІІБ жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлері 23 құқық бұзушылықты анықтады. Олар "көлiк құралдарымен жүру кезiнде қауiпсiздiк белдіктерiн тақпағаны үшін", "белгіленген жүру жылдамдығын шамадан тыс арттырғаны үшін", "көлік құралын басқару кезінде телефонды не радиостанцияны пайдаланғаны үшін", "жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етудің белгіленген қағидаларына сай келмейтін көлік құралдарын басқарғаны үшін", "көлік құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзғаны үшін" хаттама толтырды.
Сонымен қатар, "жол жүрісі қағидаларының жаяу жүргіншілерге немесе жол жүрісінің өзге де қатысушыларына жол беру талаптарын орындамағаны үшін", "жол белгілерімен немесе жолдың жүру бөлігіндегі таңбалармен көрсетілген талаптарды сақтамағаны үшін", "сыртқы жарық түсіру аспаптарын және дыбыс сигналдарын пайдалану, авариялық сигнал беру қағидаларын бұзғаны үшін", "өзімен бірге жүргізуші куәлігі немесе жүргізуші куәлігінің орнына берілген уақытша куәлігінсіз көлік құралын басқарғаны үшін" әкімшілік хаттама толтырылды.
"Рейд той кортеждерінің қатысушылары тудыратын жол апаттарының алдын алу, жол қозғалысы қаупін болдырмау, көшелерде кептеліс жасап, дыбыс сигналын бей-берекет басу, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректерін анықтау мақсатында ұйымдастырылды", - делінген хабарламада.
Департаменттегілердің мәлімдеуінше, бұл рейд жыл соңына дейін жалғасады.
Еске сала кетейік, соңғы аптада БАҚ бірнеше кортеждің жолдағы әрекеті туралы талқылады. Алматы көшесінде шоу ұйымдастырғандар 10 тәулікке қамалды. Сонымен қатар, Астанада той кортежінің жүргізушілеріне жаза тағайындалды. Ол оқиғадан кейін полиция полковнигі Бақытжан Балташев жұмысынан айырылды. Отставканың себебі оның ұлының үйлену тойына жалданған той кортеждерінің жол қозғалысы ережесін өрескел бұзуы болды. Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысында полицейлер түркістандық кортеждің қатысушыларына айыппұл салды, олар жолды жауып тастаған болатын.