Қызылордада көпқабатты үйлердің бірінде үш метр биіктіктегі балкон құлап, бір әйел зардап шекті, - деп хабарлайды 24.kz телеарнасы.
Қызылордада көпқабатты үйлердің бірінде үш метр биіктіктегі балкон құлап, бір әйел зардап шекті, - деп хабарлайды 24.kz телеарнасы.
Тілшілердің мәліметінше, киім-кешек жинап жүріп, балконмен бірге құлаған Ақмарал Оймауытованың қазіргі жағдайы бірқалыпты. Титов ықшамауданының балконнан құлаған тұрғыны медициналық тексеруден өткесін үйіне жіберілген. "Мен жерге құлаған кезде өзімнің тірі екенімді қызымның шыңғырғанынан білдім. 10 жастағы қызым сабақ оқып отырған, сол шыңғырған кезде, балам қорқып кетпесін деп "Нұрай, мен аманмын, қорықпа, әкеңді жіберші" дедім. Өйткені мені ұстап тұрған темірбетон жиегімен қоса түскенмін. Ол алдына түскен, мен соның жанына түскенмін", - деді құлаған әйел.
Оңтүстік аймақтық аэромобильді құтқару жасағының жетекшісі Бақыт Ембергенов құтқарушылардың жедел түрде оқиға орнына келіп, құлаған әйел кісіге жедел жәрдем қызметкерлерімен бірге көмек көрсеткенін, содан кейін балконнан құлаған конструкцияларды арнайы құрал-жабдықтармен түсіріп бергенін хабарлады. Сонымен қатар, бұл үйдің 60 жыл бұрын салынғаны және содан бері бірде-бір жөндеу жұмысының жүрмегені айтылады.
Ал қалалық ТКШ және тұрғын үй инспекциясының басшысы Ерлан Бердібаев апатты үй болып танылуы үшін аталған үйлердің тұрғындары тарапынан бастама көтерілуі керек екенін айтып отыр. "Аккредитациядан өткен арнайы тәуелсіз мекеме арқылы апаттық үй болып танылады, тексеріледі, арнайы зерттеулер жүргізіледі. Содан кейін барып апаттық үй тізіміне енгізіледі. Бүгінде 5-үй апатты үй тізімінде жоқ", - деді ол.