Ақтөбе облысындағы Бестамақ ауылындағы мектепте алты жасар баланың үстіне шкаф құлады. Оқушының ата-анасы полицияға арыз берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ақтөбе облысындағы Бестамақ ауылындағы мектепте алты жасар баланың үстіне шкаф құлады. Оқушының ата-анасы полицияға арыз берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оқиға жайлы баланың әкесі әлеуметтік желіде жазды. Оның айтуынша, мектептен қоңырау шалып, баланың болмашы зақым алғанын айтып, алып кетуін өтінген.
"Мен үлкен ұлымды жібердім, үйге келгенде әйелім шошып қалды - оның үсті-басының бәрі қан болды. Мен дереу жұмыстан сұранып, баланы ауруханаға жеткіздім", - деді зардап шеккен баланың әкесі.
Жағдайды анықтау үшін ер адам мектепке келгенде, баланың үстіне нашар бекітілген шкаф құлап кеткені айтылған.
"28 ақпанда Алға ауданы Бестамақ ауылындағы орта мектепте дайындық тобының оқушысына сыртқы киімге арналған шкаф құлап кетті. Алайда, баланың ата-анасы болған жағдай туралы тек 3 наурызда ғана жария етті. Осы дерекке қатысты Алға полиция бөлімшесінің қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу шараларын бастады", - деді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілдері.
Облыс әкімдігінде облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасы бойынша білім және денсаулық сақтау басқармаларының қызметкерлері бірлескен комиссия құрылғанын мәлімдеді. Тексеру қорытындысы бойынша жауапты тұлғалардың іс-әрекетіне баға беріледі және тиісті шаралар қабылданады.