"Меломен" тобының мүшелері жол апатының қалай болғанын айтып берді, - деп хабарлайды Baistars.kz басылымы. Топ мүшесі Ролан Қазретовтың айтуынша, бұл оқиға ешқандай да PR емес.
"Меломен" тобының мүшелері жол апатының қалай болғанын айтып берді, - деп хабарлайды Baistars.kz басылымы. Топ мүшесі Ролан Қазретовтың айтуынша, бұл оқиға ешқандай да PR емес.
Айта кетейік, осыған дейін әлеуметтік желілерде топ әншілерінің жол апатына түсуі туралы пікір білдірген қолданушылардың бір бөлігі мұны жарнама үшін жасалған деп айтып қалды. "Аллаға шүкір, аманбыз. Бұл оқиға бәрімізді тәубеге келтірді. Бүгін бар, ертең жоқ екенімізді еске салды. Бір сәтте өміріміз көз алдымыздан зу етті. Егер ірі жол апаты болғанда арты не боларын кім білсін?! Аллаға сансыз шүкір айтамыз және дұға-тілектерін жаудырған тыңдармандарымызға да көп рақмет!" - деді Ролан.
Оның айтуынша, жол-көлік оқиғасында олардың көлігін соққан Nissan маркалы автомобильдің жүргізушісі кінәлі. Ол тіпті өзінің кінәлі екенін айтып, кешірім де сұрапты. "Көлік апаты 6 ақпан күні кешкі сағат 21:30-22:00 шамасында болды. Төртеуміз және тобымыздың арт-директоры Қайрат Мамыраев бәріміз Жігердің Lexus автокөлігімен Науаи көшесімен жоғары көтеріліп келе жаттық. Сөйтіп, солға бұрылып, тоқтайын деп жатқанда қарсы бағытта жоғары жылдамдықта келе жатқан Nissan жол талғамайтын автокөлігі артқы жақтан келіп соқты. Қатты сілкіністен көлік айналып-айналып, бірақ тоқтады. Бәріміз тез есімізді жиып алдық, бірақ тізгінде отырған Жігерге қарасақ, оның мойны салбырап, қорылдап, талып қалған. Дереу жедел жәрдем, жол полициясын шақырдық", - деді топ әншісі.
Жол апатынан Жігер Ауыпбаевтың омыртқасы төрт жерінен тайып кеткен. Алайда ол ауруханадан ертесі күні шығыпты. Жігіттер халық емшісінің де көмегіне жүгініпті. "Жігердің миы шайқалып, омыртқасы төрт жерден тайып кеткен екен. Ауруханада бір күн жатты, одан кейін халық емін жасайтын жақсы бір емшіге апардық. Ол дереу сүйектерін орнына салып, ем-домын жасады. Қазір денсаулығы ойдағыдай", - деді Роллан Қазретов.