Талдықорғанда оқушының төбеден құлаған шиферден жарақаттануы бойынша қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Алматы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Талдықорғанда оқушының төбеден құлаған шиферден жарақаттануы бойынша қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Алматы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Дерек бойынша (оқушының шифер сынығынан жарақаттануы) 316-баптың 2-бөлігімен - "Салақтық", яғни лауазымды адамның қызметiне адал қарамауы немесе ұқыпсыз қарауы салдарынан өз мiндеттерiн орындамауы немесе лайықты орындамауынан абайсызда кiсi өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқтыруы бойынша қылмыстық іс қозғалды", - делінген хабарламада.
Қазір тергеу жүргізіліп жатыр. Полицейлер мектепке 2002 жылы құрылыс компанияларының бірі жөндеу жасағанын анықтады. Компания жөндеудің сапасы жөнінде 3-4 жылға кепілдік берген. Бала әлі күнге дейін ауруханада жатыр, дәрігерлердің айтуынша, оның жағдайы тұрақты. Мектеп әкімшілігі зардап шеккен оқушыға материалдық көмек көрсеткен.
Бұған дейін жарақат алған оқушының ата-анасының қалалық ішкі істер басқармасына шағымданғаны хабарланған болатын. Ата-ана мектеп әкімшілігіне қатысты шара қолдануды сұрап отыр. Ал облыстық полицияның баспасөз қызметі мектеп әкімшілігінің тергеуге жәрдемдесіп отырғанын хабарлаған еді.
Еске салайық, бұл оқиға 8 сәуір күні болған. Ауладағы дене шынықтыру сабағы кезінде 4-сынып оқушысының үстіне шатыр материалының сынығы құлаған. 10 жастағы Нұрдәулет Алпыс ауруханаға жатқызылды, оған хирургтердің көмегі көрсетілді.