Оңтүстік Қазақстанда 15 жастағы қыз баланы жездесі төрт жыл бойы зорлап келген, - деп хабарлайды "Қазақстанның Бірінші арнасы". Жеткіншек одан жүкті болып қалып, ұл баланы өмірге әкелді.
Оңтүстік Қазақстанда 15 жастағы қыз баланы жездесі төрт жыл бойы зорлап келген, - деп хабарлайды "Қазақстанның Бірінші арнасы". Жеткіншек одан жүкті болып қалып, ұл баланы өмірге әкелді.
Телеарна тілшілеріне 15 жастағы Арунаның анасы хабарласып, мұңын шақты. Оны 11 жасынан бастап туған жездесі қорлап келген. 15 жасында жездесінен бала көтерген. "Ең сорақысы сол, оның отбасы да тағдырдың тауқыметін тартып отыр. Қорғансыздың күнін кешкен олар жертөледе жан бағуда. Жылай-жылай көз жасы көл болған Жанатгүл кімнен көмек сұрарын білмей отыр. Кәмелетке толмаған қызы ойда жоқта жүкті болып, "ана" атанды. Сөйтсе, перзентін туған әпкесінің күйеуі төсекке тартып келіпті. Жездесінің айуандығын Жанатгүл қызы босанғанда бірақ білген", - дейді тілшілер.
15 жастағы ана. © "Қазақстанның Бірінші арнасы"
"Жезде документін істейік, оқысын десем, ол маған басыңды ауыртпай-ақ қой деді, ақыр соңында міне мынандай болды", - жалғызбасты ана Жанатгүл Баелова.
Арунаның айтуынша, еріксіз жыныстық қатынасқа 11 жасынан бастап түскен. Үйде ешкім жоқ екенін пайдаланған жездесі жас қызға білгенен жасап келіпті. Біреуге тіс жарсаң, үйден қуамын деп қорқытқан. "Атам ұрып соғып үйден қуып шығамын деп қорқытып, аяғымның ауыр екенін өзім де білгенім жоқ. Ораза айында 23 күні күндізгі 3-те босандым", - жас ана Аруна Баелова.
Жездесінен зорлық көріп келген қыздың анасы. © "Қазақстанның Бірінші арнасы"
Жанатгүл тағдыр тауқыметін әу бастан тартып келеді. Алдымен жолдасы, кейіннен екінші күйеуі қайтыс болып, жесір болды. Ұл мен қызды жетілдіру жалғыз басты анаға қиын болды. Сондықтан, қызын ауылда тұратын әпкесі мен жездесінің қолына берген. Оның соңы осылай болып отыр. Қазір, Аруна қаладағы анасының қолында жүр. Басыбайлы баспана болмағандықтан, Баеловтер отбасы әлдекімнің жертөлесін паналайды. Аядай бөлме тіршілікке арналмаған.
"Бар сенерім бір Үкімет енді, қол ұшын берсінші, жағдайымды көріп отыр ғой", - жалғызбасты ана Жанатгүл Баелова. Ең сорақысы, Жанатгүлдің екі перзентінің тиісті құжаттары жоқ. Кезінде түрлі себеппен ала алмаған көрінеді. Соның зардабын енді тартып отыр. Арунада құжат болмағандықтан, бүлдіршінге де берілмеген. 6 жасар Бағдат мектепке бара алмай үйде отыр.
"Ана үйі" үйлестірушісі Жазира Сартаева. © "Қазақстанның Бірінші арнасы"
Баеловтер отбасының жағдайы кім-кімді болса да елең еткізбей қоймады. Алғашқылардың бірі болып, Шымкенттегі "Ана үйі" көмекке келді. Үйлестестіруші Жазира Сартаева Аруна мен оның бүлдіршінін өз қарамағына алды. Енді жас ана кәмелеттік жасқа дейін осында тегін тұратын болады.
"Біз Арунаның құжаттарын түгендейміз, ең алдымен, жас анаға және баласына туу туралы куәлік аламыз. Құжаттары рәсімделген соң, жәрдемақы алатын болады, 16 жасқа толғанда жеке басын куаландыратын құжатқа өтініш береміз. Сондай-ақ, осы жерде тұрғын үй кезегіне қоямыз", - үйлестіруші Жазира Сартаева.
Түсірілім кезінде Жанатгүлдің шаңырағына білім бөлімі жанынан құрылған комиссия келді. Арнайы топ алты жасар Бағдатты мектепке қабылдауға шешім қабылдады. Сонымен қатар, тегін ыстық тамақ және жылы киімдермен қамтамасыз етпекші. Жаңа жыл мерекесінде сыныптастарымен бірге сыйлық алатын болады. Ал, отанасының өзі қазір қарызға белшесінен батқан. Тілшілердің айтуынша, олар көмек қолын созамын деушілерден бас тартпайды.