Онтүстік Қазақстан облысында оқушылар шекараны заңсыз кесіп өткендерді ұстауға көмектесті. Олардың бірі халықаралық іздеуде жүрген адам болып шықты, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі ҚР ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Таяуда Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында орналасқан Сарыағаш шекара бекетінің күзетіндегі Мемлекеттік шекара аумағында шекарада жүріп-тұру режимін бұзған Өзбекстанның екі азаматы ұсталды", - деп жазылған баспасөз хабарламасында.
Ұлықбек атындағы орта мектептің оқушылары - Нұрдәулет пен Ернұр суыт жүрген бейтаныс жандардың тоқтаған үйлерін естеріне сақтап қалып, із кесе келген шекарашыларға хабарлап, жөн сілтейді. Шекарашылар қылмыскерлерді ұстады.
"Ұсталғандардың бірі көрші мемлекет аумағында жасаған қылмыстары үшін Өзбекстан тарапынан күдікті ретінде танылып, 2014 жылдың желтоқсанынан бері халықаралық іздеуде жүрген азамат болып шықты. Біздің елімізде де қылмыстық істерін мұқият жоспарлап, өз қандастарын Мемлекеттік шекарадан заңсыз өткізудің жолдарын қарастырып қойғандығы әшкереленді", - деп хабарлады баспасөз қызметті.
Қылмыскерлерді ұстауға көмектескен оқушылар марапатталып, оларға бағалы сыйлықтар табысталды.