Павлодарда мектептегі өрттің алдын ала себебі белгілі болды. Өрт салдарынан 3 бала шұғыл түрде ауруханаға жатқызылып, 2 оқушы медициналық көмекке жүгінген еді. Павлодар облысы ТЖД мәліметінше, оқу орнына өрт қойылған болуы мүмкін, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Павлодарда мектептегі өрттің алдын ала себебі белгілі болды. Өрт салдарынан 3 бала шұғыл түрде ауруханаға жатқызылып, 2 оқушы медициналық көмекке жүгінген еді. Павлодар облысы ТЖД мәліметінше, оқу орнына өрт қойылған болуы мүмкін, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Павлодардағы №1 мектептегі өрттің алдын ала себебі - өрт қойылуы. Материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін Полиция департаментінің анықтау органдарына жіберілді", - деді брифингте ТЖД бастығының орынбасары Қайрат Шаймерденов.
Оның айтуынша, оқиға болған кезде зардап шеккен балалар өрт шыққан кітап қоймасы маңында болған.
"Қыздар сол қабатта болған. Түтін шығып, сәйкесінше олар уланған", - деді Шаймерденов.
Айта кетейік, Павлодар облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, улы газбен уланған оқушылар үйлеріне шығарылған.
Сонымен қатар, өрттен келтірілген залал мөлшері әлі белгісіз. Павлодар қаласының білім беру бөлімінің мәліметінше, ол тергеу барысында есептеледі.
Айта кетейік, Павлодар қаласының әкімі Асаин Байханов Instagram-дағы парақшасында өрттің тек үшінші қабатты бүлдіргенін айтты. Оны екі-үш апта ішінде қалпына келтіруге уәде берді.
"1 және 2-қабаттар бүлінген жоқ. Сондықтан мектеп қабырғасындағы оқу процесі жалғасады. Үшінші қабатқа тазалау және косметикалық жөндеу қажет. Мамандар бұл оқиғаға мұқият тергеу жүргізеді", - деп жазды қала басшысы.
Еске салайық, өрт оқу орнының үшінші қабатында орналасқан мектеп кітап қоймасынан шыққан. Өрт жиһаздарға, кітаптарға тиген, бірнеше минут ішінде түтін бөлмелерге тараған. Өрт салдарынан 5 оқушы зардап шеккен еді. 17 және 16 жастағы 3 оқушы улы газбен уланып, Павлодар облыстық балалар ауруханасына жатқызылды.
Сондай-ақ, былтыр жазда мектепте құны 640 миллион теңге болатын күрделі жөндеу жүргізілгені белгілі болды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!