Алматы облысында қоқыс полигонындағы өрттен шыққан түтін екі тәуліктен бері Алматыға жетіп жатыр. Қаланың тұрғындары түтін иісіне шағымданып, ТЖД сабыр сақтауға шақырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматы ТЖД не дейді?
"Алматы облысының аумағында орналасқан тұрмыстық қалдықтар полигонындағы өртке байланысты қалада аздаған түтіндеу байқалады", – деп хабарлады Алматы ТЖД.
Ведомство өкілдері өртке қатысты жағдайды да айтты. Оқиға орнында ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары жұмыс істеп жатыр: 150 адам және 70-тен астам техника жұмылдырылған. Оған қоса өрт болған жерге өрт-сорғы станциялары, авариялық-құтқару көліктері, бульдозерлер, тралдар және ТЖМ-нің басқа да арнайы техникасы жіберілген.
ТЖД өрттің жақын маңдағы аумақтарға тарау қаупі жоқ екенін атап өтіп, сабыр сақтауды сұрады.
Тұрғындар иіске шағымданды
Құтқарушылардың сөзіне қарамастан, жақын маңдағы елдімекендердің тұрғындары қою түтін мен жағымсыз иіске шағымданып жатыр. Tengrinews.kz тілшілері Алматы облысы экология департаментіне жүгінді.
Онда санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары ауа сынамаларын алғаны, бірақ түпкілікті нәтижелер ошақ толық жойылған соң ғана жарияланатыны хабарланды.
Мән-жайы
15 қыркүйекте Алматы – Талдықорған тасжолынан өтіп бара жатқан куәгерлер қоқыс полигонындағы ірі өрт туралы хабарлаған. Олар редакцияға жалын мен қою түтін шығып жатқан видеоны жіберді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!