Өскеменде бірнеше рет жасалған телефон лаңкестігі үшін жас ана сотталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі №2 қалалық сотқа сілтеме жасап.
Өскеменде бірнеше рет жасалған телефон лаңкестігі үшін жас ана сотталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі №2 қалалық сотқа сілтеме жасап.
Төтенше оқиға 2013 жылдың қазан айында болды. 24 жастағы келіншек іші пысқандықтан шұғыл қызметтерге сегіз рет қоңырау шалып, өзі тұратын көпқабатты үйге жарылғыш зат қойылғанын айтқан. Бұл хабарға байланысты тұрғын үй он сағатқа қоршауға алынды. Тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді.
Жедел басқару орталығы мамандары алғашқыда қоңырау белгісіз ер адамнан келді деп тіркеуге алған. Кейін келіншектің ер адамның дауысын салып хабарласқаны анықталды.
Айта кетейік, телефон лаңкестігі үшін азаматтарға мынадай жазалар қарастырылады: 200-ден 500 есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, бір жылдан екі жылға дейін түзеу жұмыстарына салу, бостандығын екі жылға дейін шектеу немесе бас бостандығын екі жылға дейін айыру.
Жарылғыш зат туралы сегіз рет хабар берген әйел ҚР Қылмыстық кодексінің "Терроризм актісі туралы көпе-көрінеу жалған хабар беру" бабы бойынша айыпты деп танылып, оған жалпы режимдегі колонияда екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді. "Келіншектің бір жасқа толмаған сәбиі болғандықтан сот оның жаза өтеу мерзімін бес жылға шегерді", - деп хабарлады сот өкілдері.