Сот денесінен ойық жара табылған бір жастағы Бекнұр Мырзабайдың анасының ата-аналық құқығын шектеді, - деп хабарлайды "Лада". Еске сала кетейік, Ақтаудағы кішкентай бала арып-ашыған күйінде ауруханаға түскен болатын.
Сот денесінен ойық жара табылған бір жастағы Бекнұр Мырзабайдың анасының ата-аналық құқығын шектеді, - деп хабарлайды "Лада". Еске сала кетейік, Ақтаудағы кішкентай бала арып-ашыған күйінде ауруханаға түскен болатын.
Әуеліде шағымданушы - Мұнайлы аудандық білім бөлімі соттан Жадыра Мырзаеваны ата-аналық құқығынан айыруды талап еткен. Бірақ кейін сот отырыстары барысында арызданушы тарап өкілдері шешімді ата-аналық құқығын шектеумен алмастыруды сұрады. Басылымның хабарлауынша, әйел бала тәрбиесімен айналыспаған және оны полицейлер Ақтаудағы сәбидің төңірегінде дау-дамау туғаннан кейін Шымкенттен тауып алды.
Сот Жадыра Мырзаевадан ұлына алимент өндіру туралы шешім қабылдады. "Егер анасы түзелсе және тәрбие ісіне деген көзқарасын өзгертсе, ұлын қайтарып ала алады. Егер алты айда ештеңе өзгермесе, қамқоршылық органдары оны ата-аналық құқығынан айыру туралы талап арыз беруге міндетті болады", - деді судья.
Қамқоршылық органы өкілінің айтуынша, сот процесінде сәбидің анасы жөнінде оң мінездеме алынды. Оған қоса, сәбиді туған сәтінен бастап бақылаған дәрігерлер анасы басқа жаққа кеткенге дейін оның жағдайы жақсы болғанын айтты.
Tengrinews.kz бұрын Бекнұрға балалар сал ауруының жеңіл формасы деген диагноз қойылғанын хабарлады. Ол бір жасқа толғанда туыстары қадамбасқының көмегімен оған тәй-тәй басуды үйреткен. Маңғыстау облысы әкімі орынбасарының айтуынша, әлсіз болғандықтан сол кезде сәбидің сүйегі сынған. Оған ғаныш таңылады, оның орны кейін ойық жараға айналған.