Қарағанды облысындағы Сәкен Сейфуллин ауылының тұрғыны ит шабуылынан кейін қолынан айырылған. Зардап шегушінің туыстары Tengrinews.kz редакциясына дәрігерлердің әрекетіне шағымданды.
Қарағанды облысындағы Сәкен Сейфуллин ауылының тұрғыны ит шабуылынан кейін қолынан айырылған. Зардап шегушінің туыстары Tengrinews.kz редакциясына дәрігерлердің әрекетіне шағымданды.
"Оқиға 14 наурызда, жексенбіде, кешкі 17.00 шамасында болды. Аулада әпкем Айғаным Даткинаны өз үйінің иті қапты. Ол 49 жаста. Итті байлайын деп жатқан еді. Кавказ тұқымдас. Итті қораға қамап, әпкемізге бірден жедел жәрдем шақырдық", - дейді науқастың жиені Жибек.
"Кейін бірден 103-ке қоңырау шалдық. Бізге жедел жәрдем кетті деп айтты. Ауылдық аурухананың бас дәрігеріне де қоңырау шалдық. Медбикенің бәрінде бірдей тәжірибе жоқ. Көмектесе алатын жалғыз адам - бас дәрігер Жұлдыз Биғалиева. Бірақ оған хабарласу мүмкін болмады. Кейін телефонына жауап беріп, жедел жәрдем келе жатқанын айтты. Бірақ осы уақыт аралығында ауылды жаяу аралап шығатын уақыт өтті. Біз тағы біраз күттік, бес-алты рет 103-ке қоңырау шалдық. Өзіміз амбулаторияға апардық", - деді жәбірленушінің жиені Арнұр.
Жолда Арнұр бас дәрігерге хабарласып, өздері жолға шыққанын ескерткен және жолда жедел жәрдем көлігімен күтіп алуды сұраған. Бірақ бас дәрігер олардан бірден амбулаторияға келуді сұрайды.
"Біз келгенде аурухана құлыптаулы болды. Онда ешкім жоқ, тіпті күзетші де. Жедел жәрдемді іздеп көшелерді аралап шықтық. Үмітіміз үзілгеннен кейін күтуден басқа амалымыз қалмады. Бес минуттан кейін жедел жәрдем көлігі келді.
Екі медбике шықты. Қанша қан жоғалтқанын көріп, өздері де абдырап қалды. Олар болар-болмас тістің ізі деп ойлаған. Шын мәнінде қолының жарақаты ауыр болды. Жанымызда келініміз болғаны жақсы болды. Ол Қарағандыда акушер-гинеколог болып жұмыс істеген еді. Ол тіпті медбикелерге екпе жасауды көрсетті", - деді Арнұр.
Нәтижесінде жарақат алған сәттен ауырсынуды басатын екпе салғанға дейін әйел шамамен бір сағат бойы қиналып жатқанын айтты жәбірленушінің туыстары.
"Жедел жәрдем жүргізушісінен әпкемізді аудандық ауруханаға жеткізуді сұрадық. Жүргізуші бензин жоқ деп жауап берді. Жедел жәрдем көлігіне бензин құю үшін шықанымызда, бас дәрігер өз көлігімен келді. Ол жүргізушіге келіп "сен ешқайда бармайсың, үйге бар" деді. Неге?! Егер жолда бірдеңе болса қайтеміз дегенімде "ол менің проблемам емес. Медбике келді ме? Иә. Көліктеріңіз бар ма? Иә". Соңында біз өз көлігімізбен шықтық. Жанымызда бір медбике болды", - деп түсіндірді Арнұр.
Олар аудандық ауруханаға дейін 75 шақырым жол жүрген.
"Қолын таңған да жоқ, ашық жарамен ауруханаға жеткіздік. Онда дәрігерлер көмек көрсетті, бірақ қолын кесу керек деді. Бізде Қарағандыда жақсы мамандар бар, тәтеміздің қолын емдеуге көмектеседі деген үміт болды. Бірақ үмітіміз ақталмады. Иыққа дейін ампутация жасалды", - деді Арнур.
Қарағандыдағы дәрігерлер зардап шеккен әйелдің туыстарына қолды сақтап қалуға болатынын айтқан.
"Дәрігер мұндай жарамен науқасты орнынан қозғауға болмайтынын айтты. Негізгі қан тамырына зақым келгендіктен, орынсыз қозғауға болмайды екен. Бірақ тамырда қан ұйып қалғандықтан жағдай қалыпты болған. Егер дұрыс ұстамасақ оны жоғалтып алуымыз да мүмкін еді.
Дәрігер алғашқы көмек көрсетіліп, жараны дұрыстап таңғаннан кейін тасымалдаса жағдай басқаша болатынын айтты. Ол кезде әпкеміздің қолын аман алып қалуға мүмкіндік болар еді", - деп шағымданды ер адам.
Ал Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі зардап шегушінің туыстары көмектен өздері бас тартқанын мәлімдеп отыр.
"14 наурызда сағат 17.41-де жедел жәрдемге 1971 жылы туған А-ның туыстарынан қоңырау келіп түсті. Ақпарат кідіріссіз "Жарық" ішкі аудит қызметкеріне (ІАҚ) берілді. 18.15-те оқиға орнына ІАҚ учаскелік тобы келді. Алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Туыстары зардап шеккен адамды аудандық ауруханаға ІАҚ қызметтік көлігімен тасымалдаудан бас тартып, медицина қызметкері бар жеке көлікпен жолға шыққан.
Аудан орталығына келгеннен кейін әйелге диагноз қойылды, ота жасалуы керек болды. Туыстары аудандық ауруханада ота жасатудан бас тартты. Зардап шеккен адамды Қарағанды ауруханасына құрамында хирург пен анестезиолог бар арнайы топ тасмалдады. Сол күні профессор Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханада зардап шегушіге ота жасалды. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы тұрақты", - деп хабарлады баспасөз қызметі өкілдері.
Айғаным Даткинаның туыстары мемлекеттік органдар жауабына наразылығын білдірді.
"Бұл өтірік! Бір жарым сағат бойы біз дәрігерлерді іздедік. Енді бәрін жоққа шығарып отыр. Олар көмек ұсынып, біз көмектен бас тартыппыз. Әкем Қарағанды прокуратурасына шағым түсірді. Біз кінәлілерді жазалауды талап етеміз. Мұндай жайттар жиі болып тұрады. Демалыс күндері оларда жедел жәрдем жоқ, медбикелер жоқ. Мұның бәрін айту қиын", - деді Жібек.
Қазіргі уақытта Айғаным екінші отаға дайындалып жатыр. Туыстарының айтуынша, науқастың жағдайы мәз емес.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!