Павлодар облысында ер адам отбасын өртеніп жатқан үйден құтқарамын деп қаза тапты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Lifepvl.kz сайтына сілтеме жасап.
Павлодар облысы ТЖД мәліметінше, 43 жастағы ер адам өртеніп жатқан үйден әйелі мен балаларын құтқарып жүріп көз жұмған.
"Өртсөндірушілер келгенге дейін ер адам терезе арқылы жұбайы мен үш баласын шығарып үлгерген", – деді ТЖД өкілдері.
Ресми мәлімет бойынша, иіс тиіп уланған әйел мен балалар аудандық ауруханаға жеткізілген.
Өрт үйдің шатырын шарпыған. Жалынның жалпы аумағы 100 шаршы метр болады. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Айта кетейік, 9 қазанда таңертең Солнечный ауылынан жеті шақырым жерде орналасқан шаруа қожалығында өрт шыққан. Павлодар облысы ТЖД мәліметінше, өрт кезінде үйде жеті адам болған. Олардың алтауын аман алып қалу мүмкін болмаған. Мәйіттері өрт сөндірілгеннен кейін табылған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!