Павлодарда балалар ойын алаңынан қараусыз қалған сәби табылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Шұғыл ақпарат бойынша, сәбиді рейд барысында полицейлер тауып алған.
Павлодарда балалар ойын алаңынан қараусыз қалған сәби табылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Шұғыл ақпарат бойынша, сәбиді рейд барысында полицейлер тауып алған.
"Жасы шамамен үштегі қыз бала 17 қыркүйек күні сағат 20.15-те Павлодардағы Кутузов көшесінде орналасқан үйдің ауласынан табылды. Жылаған баланың қасында ересек ешкім болмапты", - деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер. Қыздың айтуына қарағанда есімі Әлия, ол басқа ештеңені түсіндіріп бере алмады.
"Сол жерге жақын орналасқан үйлердегі пәтерлерге тексеру жүргізілді, бірақ ешкім оны танымайды. Баланың ата-анасы мен туыстарын іздеу шаралары жалғасып жатыр", - деді баспасөз қызметіндегілер.
Қазір бала Павлодардағы кәмелетке толмағандарға арналған бейімдеу орталығында. Әлі күнге дейін оны алып кетуге ешкім бармаған. Сондай-ақ, Павлодар полициясына баланың жоғалып кетуі туралы арыз түспепті. Полицияның мәліметінше, қыз бала маусымға сай, ұқыпты киінген. Сәбидің басында қызғылт қалпақ, мойнында қызғылт түсті шәрпі, аяғында түфли мен үстінде жылы сұр түсті кофта болған.
Айта кетейік, жүргізілген рейдтің бірінші күнінде ішкі істердің өңірлік органдарына кәмелетке толмаған 105 адам жеткізілді, олардың арасында 53 бала ересектердің қарауынсыз, түнгілікте көшеде жүрген.