Павлодар облысындағы ауылдардың бірінде студенттердің қатысуымен төбелес болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Павлодар облысындағы ауылдардың бірінде студенттердің қатысуымен төбелес болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Төбелес жайлы хабарлама WhatsApp мессенджерінде пайда болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жергілікті колледждің жоғарғы курс студенттері төбелес шығарған. "Бұл оқиғаға қатысты тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бізге полиция қызметкерлері де келіп кетті. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Төбелес шығарған адамдар іздестіріліп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, бірнеше адам ұсталды", - деп хабарлады Павлодар аудандық әкім аппаратының басшысы Фархад Ташимов.
Ал Красноармейка ауылының әкімдігіндегілер, бұл оқиғамен полиция қызметкерлерінің айналысып жатқанын айтты. "Құқық қорғау органдарының қызметкерлері келіп кетті, бірақ бізді кіргізбеді. Полиция осы іспен айналысып жатыр", - деді Красноармейка ауылдық округының әкімі Амангелді Закирьянов.
Сонымен қатар, өңірлік денсаулық сақтау басқармасындағылар зардап шеккендердің денсаулығы жайлы айтып берді.
Зардап шеккен азаматтар Шымкент қаласының 18-19 жастағы тұрғындары болып шықты. Ұсталғандардың барлығы - жергілікті Аграрлық-техникалық колледждің студенттері. Олар Красноармейка ауылында тұрады. "Ұсталған азаматтар ауруханаға 4 қазанға қараған түні жеткізілді. Олардың үшеуі амбулаторлық ем алуға жіберілді. Тағы зардап шеккен 19 жастағы жігіт жабық бассүйек ми зақымын алып, Павлодардағы №1 қалалық аурухананың нейрохирургия бөліміне жатқызылды", - деді денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіндегілер.
Павлодар облысының ІІД баспасөз қызметіндегілер де осы оқиғаға қатысты түсінік берді.
"Кеше, 3 қазанда шамамен кешкі сағат 19.00-де Красноармейка ауылының тұрғындарынан хабарлама келді. Олар агротехникалық колледждің аумағында жастардың төбелес шығарайын деп жатқанын айтты. Жедел түрде оқиға орнына полиция жасағы барып, төбелесті тоқтатты. Сол аумақта болған шамамен 20 адам полицияға жеткізілді. Бұл дерек сотқа дейінгі бірыңғай тіркеу реестріне тіркелді", - деп хабарлады Павлодар облыстық ІІД баспасөз қызметінің басшысы Баян Магзұмова.
"Азаматтарды полицияға жеткізген уақытта олардың бесеуінде жарақат болып, ауруханаға жеткізілді. Олардың бұл жарақаттарды осыған дейін, яғни 30 қыркүйекте алғаны анықталды. Ол күні жастар Павлодарда пәтер жалдап, үйге 20-дан аса досын шақырып, көңіл көтерген. Ал үйдің тұрғындары жігіттердің қатты шулағанына шағымданып, кейіннен олар полицияға жеткізілген. Мүмкін сол күні жастар бір-бірімен ерегісіп, жарақаттаған", - деді Павлодар облыстық ІІД баспасөз қызметінің басшысы.