Мереке күндері Павлодарда мыңға жуық адам жолда жүру ережесін және 1500 адам қоғамдық тәртіпті бұзған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Павлодар облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мереке күндері Павлодарда мыңға жуық адам жолда жүру ережесін және 1500 адам қоғамдық тәртіпті бұзған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Павлодар облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Павлодарда желтоқсанның 12-18 аралығында мерекелік шаралар өткен алаңдар мен көпшілік орындардың барлығында құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау үшін құқық қорғау органдарының мамандары күшейтілген тәртіпте жұмыс істеді. Мамандардың айтуынша, екі күн ішінде қоғамдық тәртіпті бұзғандардың үстінен 1500 әкімшілік хаттама толтырылып, ешқандай құжаты жоқ, үйсіз-күйсіз 28 адам қабылдау-тарату бөліміне жеткізілген.
Сонымен қатар, "қоғамдық орындарда және қала көшелерінде мас күйінде жүрген 380 адам уақытша бейімдеу және уытсыздандыру орталықтарына жатқызылды", - делінген хабарламада. Мереке күндері мас күйінде көлік айдағандар да аз болмаған, мамандардың мәлімдеуінше, 946 жүргізуші жолда жүру ережесін бұзып, 30 жүргізуші мас күйінде көлік құралын басқарғаны үшін көлік жүргізу құқынан айырылды.
Айта кетейік, Павлодарда мереке күндері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау жұмыстарына ІІД 1200 қызметкері мен полицияның 2,5 мың қоғамдық көмекшісі (сарбаздар, сақшылар, студенттік жасақ және тағы да басқа) жұмылдырылды.