Павлодарда тамырымен жұлынған алып терек төрт көлікті жайпап кетті, - деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Павлодарда тамырымен жұлынған алып терек төрт көлікті жайпап кетті, - деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік тіл және ақпараттық тобының маманы Әлия Темірованың хабарлауынша, жексенбі күні Павлодар қаласы 1 Мамыр көшесі, 270-үй мекенжайында орналасқан көпқабатты үйдің ауласындағы терек тамырымен жұлынып кеткен.
"Алып терек төрт көлікті жайпап кетті. Темір тұлпарлардың екеуі қатты зақымданса, екеуіне орташа деңгейдегі зиян келген. Осыған ұқсас жағдай Ақтоғай ауданының Мүткенов ауылында болды. Жекеменшік үйдің ауласында ағаш құлап кеткен. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ", - дейді Темірова.
Екпінді жел салдарынан Кутузов көшесі, 75/2 мекенжайында орналасқан баспананың бесінші қабатындағы балконның қаңқа тіреуін жұлып әкетуге шақ қалған.
"Облыстық төтенше жағдайлар қызметінің мамандары оқиға орнына жеткен сәтте балконның қаңқасы ілініп тұрды. Тұрғындар үшін қауіпті болғандықтан, мамандар балконның бұл бөлігін алып тастады. Сонымен қатар, Торайғыров 36 мекенжайындағы көпқабатты үйдің қаптамасы босап қалған", - деді маман.
"Осы тектес оқиғалар Екібастұз қаласында да болды. Ломоносов көшесінің бойындағы үйлердің бірінің төбесінің қатты жабындысы босап қалған. Сондай-ақ, Киевская көшесіндегі тұрғын үйдегі спутник антеннасы ұшып кетті. Қазіргі таңда ешқандай қауіп жоқ", - делінген жарияланымда.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда дауыл кезінде мешіт мұнараларының шайқалғаны хабарланған болатын. YouTube желісінде бұл видео 16 мамырда пайда болды. Видеожазбаны Lenishque нигіндегі қолданушы шығарып, оның сипаттамасында былай деп жазды: 2015 жыл, 16 мамыр. Алматыдағы қирататын дауыл. Мешіттің күмбезінде мыстан жасалған қабығы ұшып жатыр, мұнаралары шайқалып тұр.