Петропавлда ауру балаға ақша жинау үшін дүкенге қойылған жәшікті ұрлап кеткен жігіт іздестіріліп жатыр, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Петропавлда ауру балаға ақша жинау үшін дүкенге қойылған жәшікті ұрлап кеткен жігіт іздестіріліп жатыр, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Оның арам пиғылын жүзеге асырып жатқан сәті дүкендегі бақылау камерасына түсіп қалыпты. Қаржы екі жасар Александр Баторинге шетелде ота жасатуға керек екен. Бетінің жақ сүйегі кеміс болып туған сәбиге құлан таза жазылып кету үшін 3 миллион теңге қажет. Енді ата-анасы қайырымды жандардан тағы көмек сұрауға мәжбүр.
"Туғаннан түтікшемен тамақтандырамыз, жарытып емшек те еме алмады. Түнде түтікшені жұлып тастайды. Ондай кездерде баланы шыңғыртып, қайта орнатамыз. Аяғына гипс салғанда да, аурухананы басына көтеріп жылайды. Ондай сәттерде жанымды қоярға жер таппаймын", - дейді науқас баланың анасы Любовь Баторина.
Сондай-ақ, анасының айтуынша, отандық дәрігерлер бұл дертке қарсы шарасызбыз деп айтқан. "Жан-жаққа сұрау салған Сашаның анасы мұндай отаның Мәскеуде жасалатынын білген. Бірақ құны 3 миллион теңге. Баланың ата-анасы шот ашып, дүкендерге қайырымдылық жәшіктерін орнатыпты. Сол 7 жәшіктің біреуі қолды болды. Мына кадрлар дүкеннің бақылау камерасына түсіп қалған. Айналшықтап жүрген ұры ақырында жәшікті алып, ізін суытты", - дейді анасы.
"Түрлі жағдайлар болады. Соны ескеріп, міне жәшікті таразыға желімдеп тастадық. Оның үстіне бұл ыдыс ақшаның алыс-беріске түсетін жеріне жақын тұр. Қайырымды жандар ұмытпай бірден қаржы салады", - дейді дүкен сатушысы Аягөз Махметова.
Сашаның ата-анасы қалалық ішкі істер бөліміне ұрлық туралы шағым жазып, бейнестапының көшірмесін берді. Қазір тәртіп сақшылары ұрыны іздестіріп жатыр. Бірақ әзірге нәтиже жоқ екен. Ауру баланың ата-анасы қолды болған жәшікке қанша ақша жиналғанын нақты білмейді. (Дереккөз: КТК)