Оралда облыстық мамандандырылған балалар үйінің өкілдері құрылыс алаңында баласын тастап кеткен әйелді сотқа берді. Кішкентай Әлижанның тағдыры кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі сотта қаралады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оралда облыстық мамандандырылған балалар үйінің өкілдері құрылыс алаңында баласын тастап кеткен әйелді сотқа берді. Кішкентай Әлижанның тағдыры кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі сотта қаралады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қалалық білім бөлімі мамандарының айтуынша, балалар үйінің әкімшілігі әйелді ата-ана құқығынан айыруды талап етіп отыр екен.
"30 қарашада ювеналдық сотта бірінші отырыс өтті. Әлижанмен анасы мен әжесі балалар үйінде кездесіп тұрады. Біз бұған да кедергі келтірмейміз. Алайда баланың тағдырын сот шешетін болады", - деді Орал қалалық білім бөлімі секторының жетекшісі Ақиіс Біржанов.
Балалар үйінде Әлижанның 21 жастағы анасы баласымен кездесіп тұратынын айтты. Оған жөргек әкеліп, бетінен сүйіп, құшақтайды. "Бала бізге облыстық балалар ауруханасынан бір айлық кезінде түсті. Оның физикалық және психикалық жағдайы өз жасына сәйкес. Анасы баласын өзіне қайтарғысы келеді. Әрине бала туған анасымен болғаны дұрыс. Бәлкім ол туғаннан кейін психоз болған шығар", - деді облыстық "Мейірім" мамандандырылған балалар үйінің дәрігері Гүлнар Сүндетова.
Қалалық білім бөлімінің өкілдері 21 жастағы әйелді ата-ана құқығынан айырған жағдайда, алты айдан соң бала басқа отбасына не қамқоршыға берілуі мүмкін.
Еске салайық, 26 маусымда салынып жатқан үйдің аумағынан бала табылған. Кейінірек баланың анасы кім екені белгілі болды. Орал қаласының 21 жастағы тұрғынын "Қауіпті жерде қалдырғаны үшін" бабы бойынша 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту бекітілді.