Семейде полицей бес жасар ер баланы өртеніп жатқан үйден алып шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Шығыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Баланы ажалдан аман алып қалған аға сержант - Дархан Тайыров.
Семейде полицей бес жасар ер баланы өртеніп жатқан үйден алып шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Шығыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Баланы ажалдан аман алып қалған аға сержант - Дархан Тайыров.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, Семейдегі "Жансая" базары орналасқан ауданда қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қадағалап жүрген жол-патруль полициясы батальонының экипажы Дулатов пен Гете көшелерінің қиылысындағы жекеменшік сектордан шығып жатқан түтінді байқаған. Олар Дулатов көшесіне шұғыл жетіп, ағаш үйдің өртеніп жатқанын көрген. Олар үйдің қақпасынан секіріп түскенде, өртеніп жатқан үйден әйел жүгіріп шыққан.
"Өртенген үйден жүгіріп шыққан әйелдің киімдері бықсып жатты. Полицейлер оның жана бастаған киімдерін сөндіріп, оның өз-өзіне келуіне көмектесті. Әйел өртеніп жатқан үйдің ішінде оның кішкентай ұлының қалғанын айтты. Дархан Тайыров көп ойланбастан жанып жатқан үйдің ішіне жүгіріп кірді", - делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, полицей үйдің ішіне кіргенде асүй өртеніп жатқан, ол жатын бөлмесіне кіріп баланы іздей бастапты. Қатты қорыққан бала төсектің астына тығылған, бірақ оттың жалыны бұл уақытта ол бөлмеге жете қоймапты. Тайыров баланы өзінің күртесіне орап, далаға алып шықты.
"Полицейлер бірден өрт сөндіру қызметі мен жедел жәрдем шақырды. 51 жастағы үй иесінің беті, мойны мен қолы күйіп қалды, оған медициналық көмек көрсетілді, ал бала зардап шеккен жоқ. Өрт асүйдегі жылыту пешінің істен шығуынан басталған", - делінген ШҚО ІІД баспасөз хабарламасында.
Өрт сөндірілді, бірақ ағаш үйге қатты зиян келді. Баланы өрттен аман алып қалған полицияның аға сержанты Дархан Тайыров марапатқа ұсынылды.
Еске сала кетейік, өткен жылы 19 желтоқсанда Солтүстік Қазақстан облысында полицейлердің өрттен екі бала мен бір ересек ер адамды құтқарғаны хабарланған еді. Полиция майорлары Қанат Меңдекеев пен Дәурен Ширажиев көп жылдар бойы қызмет еткен. Солтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің басшылығы ерлік көрсеткен полицейлерді үш адамның өмірін сақтап қалғаны үшін марапаттауға ниет білдірген болатын.