Ұзынағашта дәрігерлер 2 жасар бала Арсенде аппендицит екенін 5 күн бойы анықтай алмаған. Салдарынан қазір баланың жағдайы нашар. Бұл туралы кішкентай Арсеннің анасы Малика Сағындық айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ұзынағашта дәрігерлер 2 жасар бала Арсенде аппендицит екенін 5 күн бойы анықтай алмаған. Салдарынан қазір баланың жағдайы нашар. Бұл туралы кішкентай Арсеннің анасы Малика Сағындық айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Екі жасар баланың анасы Малика Сағындықтың сөзінше, үйде баланың дене қызуы 40 градусқа дейін көтеріліп, іші өтіп, құсқан.
"Содан мен ауылдағы дәрігерлерге бардым. Олар бірден өздерінің терапевттеріне жіберді. Олар димедрол мен аналгин берді. Терапевт қазір вирус жүріп жатқанын айтты, емдейсіз, екі күндей қаралып, менің бақылауымда боласыз деді. Жазып берген дәрілерінің бәрін алдым. Жақсы деп үйге кеттім. Үйде бала қатты мазасыздана бастады. Іші бүріліп қалды. Бүктеліп қалады да, қайтадан тұрады. Сосын қорқып ауылдағы дәрігерді шақырдым, ол кісі "қазір айта алмаймын, Ұзынағашқа барып, хирургке көрсет, ол міндетті түрде рентгенге түсіртеді" деді.
Ұзынағашқа сол күні дереу жеттік. Баланың дене қызуы көтеріліп тұр, құсып жатыр. Хирургке жағдайды түсіндірдім, ол баланың ішін басып көріп, бұл инфекция деді. "Педиатр көрсін, баланың аузы кеуіп кетіпті" деді", - дейді Малика.
Осылайша педиатр да, хирург те баласы мен анасын инфекциялық ауруханаға жатқызған.
"Бізді дәрігер қабылдады, ол кісі де баланың ішін ұстап, басында түсінбеді. Артынан дәрілер салып, анализдер алды. Ертесіне балам тағы бүктеліп қалды. Бірінші күні келген кезімде де дәрігерлерге "аппендицит емес пе, тексеріңізші" деп едім, "жоқ!" деді. Инфекциялық ауруханадағыларға да "аппендицит-ау" деп едім "бала аппендицитте бұлай жатпайды, дене қызуы көтерілмейді, құспайды" деді. Бес күн дәрі салды, клизма жасады, дәрігерлер келіп баланың ішін баса береді. Рентгенге жатқызып емес, тұрғызып түсіреді екен, олар жатқызып түсіргендіктен таза шыққан. Ал тұрғызып түсірген кезде ішектері үлкейіп кеткен, оратылып қалғаны көрінген. Рентген мен УДЗ сәйкес болса операция жасаймыз деді. Сол сөзді естіп жаман болып қалдым. Артынан үлкен кісілерге қарайтын хирург келді, сол кісіні жібермегенде балам өледі екен ғой сол жерде", - дейді Малика Сағындық.
Оқиға Ұзынағаштағы аудандық инфекциялық ауруханада болған екен.
"Келіп қараған да жоқ, тек дәрі салып кетеді. Баланың дене қызуы түнімен көтерілді. Дәрілердің күшімен ғана жүрді. "Ішім, ішім" деп жатады. Енді операция жасалды, ішінің бәрі іріңдеп кеткен, сау жері жоқ, ішектерін алып тазалаған, хирург қолынан келгенін жасаған. Аппедицит болған жері шіріп кеткен ғой. Клизма жасап, ішін басқан сайын бәрі көтеріліп кеткен. Хирург бірден рентгенге түсіруі керек еді. Қазір Өтеген батыр кентіндегі облыстық аурухананың балалар бөлімінде жатырмыз. Қазір баланың жағдайы өте ауыр. Оны дәрігер бәрімізге шығып айтты. Бала қашан оянатыны белгісіз. Тамақ, ештеңе ішпейді, тек системамен жіберіп отырамыз. Біздің ауылдың дәрігері бірден "бізде ондай құрал жоқ" деп Ұзынағашқа жіберіп тұр ғой. Хирург қарамаған болып тұр ғой", - дейді Малика.
Бұл дерекке қатысты Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері пікір білдірді.
"2021 жылы туған пациент 31 шілдеден бері Облыстық балалар клиникалық ауруханасында жатыр. "Жамбыл аудандық орталық ауруханасынан" шұғыл түрде түсті. Диагностикалық шаралар мен операция алдындағы дайындықтан кейін операция жасалды. Операция: ортаңғы лапаротомия, аппендэктомия, санация, іш қуысының дренажы, трансназальды ішек интубациясы. Операциядан кейінгі диагнозы жедел аппендицит. Қазіргі уақытта емдеу шаралары жүргізіліп жатыр", - дейді басқарма өкілдері.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!