Шымкенттегі жол апатына кінәлі адам көлік жүргізу құқынан айрылды, - деп Tengrinews.kz тілшісіне Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлады. Бұл автобустың қатысуымен болған көлік апатына байланысты айтылып отыр. Онда 15 адам зардап шеккен.

Автобус жүргізушісі көлік жүргізу құқынан айрылып қана қоймай, 15 тәулікке қамауға алынуы мүмкін. "Тергеу барысында техникалық ақауы бар жолаушылар тасымалдайтын автобусты жүргізуге рұқсат бергені үшін компанияға да айып тағылуы мүмкін. Өйткені көлік құралының тежегіші істен шыққан. Жүргізуші автобусты тұраққа қоюға тырысқан, бірақ рөлді басқара алмай қалған", - деп Шымкенттегі жол апаты туралы түсініктеме берді ОҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова.
Еске сала кетейік, Шымкенттегі жол көлік оқиғасы 6 маусымда болған. Автобус Аймауытов көшесінде сағат 14.00 шамасында аударылды. Автобустың аударылып қалуы салдарынан 13 адам Жедел жәрдем ауруханасына жатқызылған. Тексеру барысында олардың жарақат алғаны және миы шайқалғаны анықталған.
Бұдан бұрын Шымкенттегі жол көлік оқиғасынан бес адам қаза тапқан болатын. Оқиға 3 маусымға қараған түні болған. Алдын ала жасалған болжамға қарағанда Volkswagen Vento көлігінің 23 жастағы жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кетіп, Audi-80 көлігімен соқтығысқан. Оқиға салдарынан Audi-де болғандардың бәрі - ерлі-зайыпты мен оның 15 жастағы ұлы және Volkswagen-нің жүргізушісі мен жолаушысы қайтыс болған. Бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.