СТВ телеарнасының операторы Тимур Айтмұханбетовті Павлодарда белгісіз біреулер ұрып кетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі телеарнаға сілтеме жасап.
СТВ телеарнасының операторы Тимур Айтмұханбетовті Павлодарда белгісіз біреулер ұрып кетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі телеарнаға сілтеме жасап.
Оқиға күндіз оператор түскі үзілістен келе жатқанда болды. Ол мұның алдында банкке кіріп, өзіне аударылған ақшаны алған. Содан кейін не болғанын оның өзі білмейді. Есін жиған кезде Жеңіс саябағында басы жарылған күйде жатқан. Оқиға орнына келген дәрігерлер оның миы шайқалғанын анықтады.
"Мен жолдан өтіп бара жаттым. Ту сыртымнан біреудің соққы бергені есімде. Маған кейін жедел жәрдем шақырылғанын, мені полицияға апарғанын айтты, ешнәрсені есіме түсіре алмаймын. Сол күн жадымнан өшірілгендей болды", - дейді СТВ операторы Айтмұханбетов.
Алғашқыда полицейлер операторға тонау мақсатымен шабуыл жасалғанын топшылаған еді. Бірақ зардап шегушінің ақшасы мен бағалы заттары өзінде болып шықты. "Бұл дерек бойынша "Бұзақылық" бабымен қылмыстық іс қозғалды. Тергеуалды тексеріс белгіленді, оның нәтижесі бойынша істі тергеу басталады", - деп хабарлады облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметкері Алма Мұсабекова.
Еске сала кетейік, маусым айында TengrinewsTV операторы Юрий Съединге Алматыдағы өртті түсіру кезінде шабуыл жасалған еді. Оқиға Galaksi Group компаниясы қоймаларының аумағында болды. Түсіру тобы кәсіпорын аумағына кедергісіз өткенімен, шығар кезде кәсіпорынның қауіпсіздік қызметі оператордан түсірілген бейнематериалды тартып алмақ болды. Күзетшілердің бірі операторды қылғындыра бастады, ал өзін заңгермін таныстырған бір әйел Съединнің қолын тістеп тастады. Тengrinews TV редакциясы мен оператордың өзі БАҚ жұмысшысына шабуыл жасау дерегі бойынша құқық қорғау органдарына шағымданды.