Таразда жоғалып кеткен алты жасар баланы Ұлттық ұлан сарбаздары тауып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің өкілі Айдос Байшағыровқа сілтеме жасап.
Таразда жоғалып кеткен алты жасар баланы Ұлттық ұлан сарбаздары тауып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің өкілі Айдос Байшағыровқа сілтеме жасап.
23 ақпан күні сағат 19.05-те Тараз қаласындағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қызмет атқару барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери жасағына сол қаланың тұрғыны, азаматша Арайлым Өмірәлиевадан 6 жасар ұлы Қалмахан Бекнұрдың үйден шығып жоғалып кеткендігі туралы хабар түседі. Баласын тауып беруді өтінген анасының айтуы бойынша ұлы Бекнұр сол күні сағат 12.30 шамасында компьютер клубына ойнауға кеткен де сол күйі үйіне оралмаған. Анасы өз күшімен ұлын іздеп таба алмаған.
"Жоғалған бала туралы мәлімет алған соң Ұлттық ұланның әскери жасақ құрамы, әскери жасақ патрулінің бастығы қатардағы Азамат Асылбек, патрульдер қатардағы Айдос Дәулетқұлов пен Тайыр Ибрагимов және кинолог сержант Ерболат Асанов "Рада" лақап атты қызметтік итті қолдану арқылы дереу баланы іздеуге кірісті. Баланы іздеу барысында компьютерлік клубтың маңынан "Рада" лақап атты қызметтік ит жоғалған баланың ізін кеседі, сол арқылы әскери жасақ ізге түсіп аймақты тінтуге кірісті", - деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер.
Осыдан кейін 20 минут уақыт бойы із кескен әскери жасақ құрамы 1500 метр аумақты тінтіп шығып, ақыры жоғалған баланы қалалық Мәдениет үйінің маңынан тауып алады және оны сарыла күтіп отырған анасына аман-есен жеткізеді. Баланың айтуы бойынша ол ойнап жүріп уақыттың кеш боп кеткенін білмей қалады және анасының оны іздеп жүргенін сезбеген.
"Өздерінің қызметтік іс-әрекеттеріне дереу кірісіп, жедел іс-қимылдарының арқасында уақыт оздырмай ұлын тауып берген Ұлттық ұланның әскери жасақ құрамына жоғалған 6 жастағы Бекнұрдың анасы шексіз алғысын білдірді", - деді Айдос Байшағыров.