Әлеуметтік желілерде балабақша қызметкерінің тәрбиеленушілерге қол көтерген тағы бір видеосы тарады. Бұл жолы оқиға Тараздағы мектепке дейінгі мекемелердің бірінде болған. Полиция қылмыстық іс қозғады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Видео кадрларында әйелдің көк пакетті сермеп, баланың басынан ұрғаны түсіп қалған. Бала басын ұстап, әйелден алыстайды. Келесі кадрларда соққыдан баланың бас терісі жырылып кеткені көрінеді.
Жамбыл облысы Полиция департаменті мәліметінше, тәрбиеленушіге дене жарақатын салу дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 140-бабы - "Кәмелетке толмағанды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау" бойынша іс қозғалған.
"Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу әрекеті жүргізіліп жатыр: сараптамалар тағайындалды, куәгерлерден жауап алынып, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тергеудің барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!