Түркияға Қазақстаннан демалуға барған жеті дос жантүршігерлік жол апатына ұшырады. Жол-көлік оқиғасынан төрт түрік азаматы қаза тапқан, ал қазақстандықтар түрлі дәрежеде жарақат алып, ауруханаға түскен. Қазіргі уақытта олар ауруханадан шығарылып жатыр. Алайда Отанға орала алмай отыр. Себебі олар барған әуе компаниясы жататын орындар үшін қомақты қаражат сұрап отыр. Зардап шеккендер оқиға жайлы Tengrinews.kz тілшісіне баяндады.
Түркияға Қазақстаннан демалуға барған жеті дос жантүршігерлік жол апатына ұшырады. Жол-көлік оқиғасынан төрт түрік азаматы қаза тапқан, ал қазақстандықтар түрлі дәрежеде жарақат алып, ауруханаға түскен. Қазіргі уақытта олар ауруханадан шығарылып жатыр. Алайда Отанға орала алмай отыр. Себебі олар барған әуе компаниясы жататын орындар үшін қомақты қаражат сұрап отыр. Зардап шеккендер оқиға жайлы Tengrinews.kz тілшісіне баяндады.
"21 қыркүйекте Кемердегі қонақүйден Анталияға таксимен жолға шықтық. Түнгі үште жолда жол апаты болды. Бізге келіп соғылған көлік сағатына 220 шақырыммен келе жатқан. Сол көлікте үш адам болған, барлығы қаза тапты. Біздің жүргізуші де қаза тапты. Бізді түрлі ауруханаға алып кетті, барлығымызға ауыр ота жасалды. Қазіргі таңда біз үйге оралғымыз келеді. Қамқорға, "Эйр Астанаға", Көлік министрлігіне хабарластық, амал не, ешкім бізге көмектеспеді, біздің құзырда емес дейді", - деп баяндады зардап шеккен қыз Алмагүл.
Оның айтуынша, Талдықорғаннан барған алты адам мен Алматыдан шыққан бір адамға ота тегін жасалыпты. "Көлік иесінің сақтандыруы арқылы емделдік. Қазақстанның консулдығы бұл мәселеде бізге көмектесті. Екеуіне ақылы ота жасалды, себебі олар жекеменшік клиникада болды, дәрігерлер тегін ота жасаудан бас тартты. Бізде үш адам тұра алмайды, отырғызып тасымалдауға болмайды. Әуекоманиядағылар оларды тасымалдау үшін әрбір адамнан 4 мың доллар сұрап отыр. Өзіміз-ақ сатып алғымыз келген, бірақ төрт мың доллар ақшамыз жоқ", - деді Алмагүл.
Сол апаттан зардап шеккен тағы бір қазақстандық қыз қолының сүйегін үгітіліп кеткенін, бет сүйегінің сынғанын және миы шайқалғанын айтты. Қыздың бір көзі көрмей қалған.
"Қамқорға телефон соқтым, көмек қолын созбады, "Эйр Астанаға" хабарластық, көмек бермеді, кешіріңіз, ештеңе істей алмаймыз деді, Көлік министрлігі де бас тартты. Денсаулық сақтау министрлігіне хабарластым, Ambulance жіберуін сұрадым (науқастарды тасымалдайтын арнайы ұшақ - Авт.). Онда да көмектеспеді. Енді не істеуім керек? үйіме оралғым келеді. Билет 5,5 мың доллардан, бұл ақшаны қайдан аламыз? Сұмдық ақша ғой. Қарапайым тұрмыс кешіп жатқан адаммын, отыра алмаймын, тұра алмаймын, тіпті кереуетті сәл көтерсе, басым айналады. Көмек сұраймын, шарасыз қалдым. Бізге консулдық қана көмек қолын созды. Қалғаны теріс айналды. Отандастарына көмектесуі керек қой. Өтінеміз, бізді үйге қайтарсыншы", - деп жылады зардап шеккен Асыл.
Оқиға орнында түсірілген суреттер мен видеолар түрік БАҚ-тарында жарияланып жатыр.
© haberturk.com