Түркістан облысында бір топ саяхатшы тауларда жоғалып кетті

Түркістан облысындағы тауларда бір топ саяхатшы жоғалып кетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәлиге сілтеме жасап.

Түркістан облысының құтқарушылары Төлеби ауданындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында жоғалған 7 адамды іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олардың жоғалғаны туралы хабарлама "112" пультіне 2021 жылдың 25 мамырында сағат 18:30-да түскен. 21 мамырда туристер "Сары-Айғыр" шатқалына жаяу бет алған. Құтқарушыларға хабарласқан адамның айтуынша, олар 24 мамырда үйге оралуы керек болған.

"Өткен тәулікте іздестіру топтары 37 шақырымға жуық таулы аймақты жаяу аралады. Екі пилотсыз ұшу аппараты арқылы 4 шақырым радиуста шолу жүргізілді. Іздестіру жұмыстарына Түркістан облысы ТЖ департаментінің 25 құтқарушысы, 2 квадракоптері және 7 техникасы жұмылды. Сондай-ақ, полиция департаментінің 4 қызметкері мен 1 техникасы, жергілікті атқарушы органдардың 2 қызметкері мен 1 техникасы, ҰҚК Шекара қызметінің 3 ат патрулі, ұлттық парктің 10 қызметкері мен жоғалғандардың туыстары іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр", - делінген хабарламада.

Ауа райының қолайсыздығына: тұман, ала бұлт, таулы жерлердегі найзағайға байланысты "Қазавиақұтқару" АҚ тікұшағын Шымкент қаласынан әуеге көтеру мүмкін болмаған.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!