Біраз уақыт бұрын Түркістан облысында ер адам тойда ән айтқаны үшін бұрынғы келінін соққыға жыққан оқиға қызу талқыланды. Осы іс бойынша сот шешім шығарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оқиға қалай болған?
Оқиға 2025 жылы 31 тамызда Түркістан облысы Зағамбар ауылындағы мейрамханалардың бірінде болған.
"Алдымен ол қолымнан ұрды – сол сәтте микрофон өшіп қалды. Есімді жиып үлгермей жатып, екінші соққы жасалды. Ол соншалық қатты болды, мен бір жаққа ұшып кеттім. Басымда шу пайда болып, не болып жатқанын түсінбей қалдым. Кейін ол маған бірнеше балағат сөз айтып, мен есімнен танып қалдым", – деді әнші.
Сот барысы
Түркістан облысы Төлеби аудандық сотында ҚК-нің 293-бабы 1-бөлігімен айыпталған Х.-ға қатысты қылмыстық іс қаралған.
Сот мәліметінше, Х. 31 тамызда сағат 21:23 шамасында Төле би ауданында орналасқан "Зағамбар" тойханасында бұрынғы келіні, яғни жәбірленуші Т. тойда өлең айтып тұрғанын көріп, оған күш қолданған. Салдарынан жәбірленушінің мойны, білек және көкірек тұсы көгерген.
Сотталушы болған жайтты жоққа шығармай, өкініп, тек тағылған айыппен келіспей, өзінің әрекетін ҚК-нің 109-1-бабы 2-бөлігінің 5) тармағына сәйкес саралап, айыппұл салуды сұраған.
Сот үкімі
Сот үкімі бойынша, Х.-ға 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, 800 мың теңге моральдық зиян және 700 мың теңге өкілдік етуге жұмсалған шығын өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, оқиға 31 тамызда Түркістан облысы Төле би ауданындағы "Зағамбар" мейрамханасында болған. Тойда ән айтып тұрған 27 жастағы Азода Тұрсынмұрадоваға бұрынғы күйеуінің әкесі кенет шабуыл жасап, бірнеше рет ұрған. Зардап шеккен қыздың айтуынша, ол кезде ер адам қатты мас болған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!