Астана футбол клубының ганалық шабуылдаушысы Патрик Твумаси Astana Times газетіне берген сұхбатында Қазақстандағы өмірі мен мансап жолы жайлы айтып берді.
Астана футбол клубының ганалық шабуылдаушысы Патрик Твумаси Astana Times газетіне берген сұхбатында Қазақстандағы өмірі мен мансап жолы жайлы айтып берді.
Екі мәрте Қазақстан чемпионы болып үлгерген 21 жастағы форвард біздің елде өзіне ең қиынға соққаны ауа райы, асханасы және тіл мәселесі екенін мәлімдеді.
"Ең қиыны - климат жағдайы. Ауа райы мұнда күн сайын өзгеретін сияқты, бірақ сіздер бұған үйреніп қалғансыздар. Мұнда тағам басқа. Тағы бір қиыны - тіл. Кейбір сөздерді, сөз тіркестерін түсінемін, меніңше, тілді меңгеріп алсам оңай болады", - деп келтіреді футболшының сөзін Vesti.kz порталы.
Твумасидің айтуынша, мақсатқа жету үшін қиындықтарды жеңе білу керек. "Бар күшіңді сал, сол кезде ғана болашағыңа және мүмкіндіктеріңе сеніммен қарай аласың. Еңбексіз ештеңе де өнбейді. Өз арманың жайлы әрдайым ойлау керек, өзің үшін және отбасың үшін қолдан келгенін жасау керек", - дейді спортшы.
"Мен сіздердің елге басқа футбол мен мәдениетті білу үшін келдім. Мұнда келіп, жақсы және қайырымды адамдарды көргенімде қуандым", - дейді ол.
Ганалық футболшы командаластарын да тілге тиек етті. "Қазақстандық футболшылар өздеріне сенімді. Мансап жолында қандай межеге жетуі керек екенін біледі. Олар қайырымды, дос бола білетін, сенуге болатын адамдар. Осындай ойыншылармен бір командада болу мені шабыттандыра түседі. Біз бір-бірімізбен жиі әңгімелесеміз, бұл маған қиын сәттерде көмекке келеді".
Форвард қазақстандық чемпионат жайлы айта келе, матчтарға адамдардың көп жиналмайтынына көңілі түсетінін жеткізді. "Жанкүйерлер ойыншыларға қолдау білдіру керек. Олардың қолдауы футболшыларды үздік болуға шабыттандырады, мұндай шабытсыз футболшылар жетістікке жете алмайды. Міне, осы себептен де жанкүйерлер ел чемпионатындағы матчтарға келуі керек. Осының арқасында футболдың деңгейі өседі - Астанада ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша", - деп қорытындылады сөзін Твумаси.