Бүгін футболдан Қазақстан премьер-лигасында тоғызыншы турдың ойындары өтіп, "Ақтөбе" өзімен үзеңгі қағыстырып келе жатқан "Астанадан" құйрық үзді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бүгін футболдан Қазақстан премьер-лигасында тоғызыншы турдың ойындары өтіп, "Ақтөбе" өзімен үзеңгі қағыстырып келе жатқан "Астанадан" құйрық үзді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Тоғызыншы турда Тараздағы ойын бәрінен бұрын басталды. Голланд маманы Арно Пайперсті еліне қайтарып, отандық бапкерлерге сенім артқан "Тараз" биылғы маусымды өте жоғары қарқында бастағанымен, кейінгі турларды кежегесі кейін тартып бара жатқан "Жетісу" клубын "жүрелетті".
Қарағандыда "Шахтер" мен "Астана" арасындағы ойын да ертерек басталды. Жүлдеден үмітті, азулы командалар арасындағы матчта есеп ашылған жоқ. Екеуі де бір ұпайды қанағат тұтып, тең тарқасты. Қайсысы екі ұпай жоғалтып, қайсысы бір ұпай олжалады, айту қиын. Десек те, өз алаңында жеңіске жете алмаған кеншілер клубының өкініші басым шығар.
Осы ойын біткен соң Ақтөбеде еліміздің былтырғы чемпионы мен "Қайрат" кездесті. Тартысты өткен матчта "Ақтөбе" жеңіске жетіп, үш ұпай олжалады. Басты бәсекелестерінің ұпай бөліскенін пайдаланып, елордалықтардан екі ұпай алға озды.
Бұл турда "Тобыл" түзде "Ертісті" ойсырата жеңді. Бұрынғы Армения құрамасының бас бапкері Вардан Минасян "Тобылды" түлетіп, ойын өрнегін жетілдіре түскендей. Әйтеуір екпінді "Ертісті" есеңгіретіп, үш ұпай олжалады.
"Атырау" мен "Ордабасы" Жайық жағасында тең түсті. Атыраулықтардың да бастапқы қарқындары бәсеңсіп қалғандай. Ал шымкенттіктер керісінше, кейінгі турларда қарқынын үдетіп келеді.
Семей клубы өз алаңында бір ұпай еншіледі. "Қайсармен" ұпай бөлісіп, биылғы маусымда үшінші рет тең түсті. Өкінішке қарай, "Спартак" әлі жеңіс дегеннің не екенін білмейді. Қазақстан премьер-лигасында осы уақытқа дейін жеңіске жетіп көрмеген команда – осы "Спартак" қана.
Сөйтіп, тоғызыншы турдан кейін "Ақтөбе" алшаң басып, 20 ұпаймен жеке-дара көш бастады. "Астана" 18 ұпаймен екінші орында аялдап тұр. "Шахтер" 17 ұпаймен үшінші орынды меншіктеп алған. "Ордабасы" мен "Атырау" 13 ұпаймен 4-5 орындарда жұптарын жазбай келеді. "Жетісу", "Тобыл" және "Қайсар" 12 ұпаймен 6-8 орындарда сап түзеді. "Қайрат" 11 ұпаймен тоғызыншы орынға жылыстады. "Ертіс" пен "Қайрат" сегіз ұпаймен 10-11 орындарға қатар орналасты. "Спартак" осы турда бір ұпай олжалағанын көңілге медеу тұтқанымен, сол баяғысынша көш соңынын алға жылжи алар емес.
Қазақстан чемпионаты. Премьер-лига. ІХ тур.
"Ақтөбе" – "Қайрат" (Алматы) – 1:0
Гол: Хайруллин, 25.
"Шахтёр" (Қарағанды) – "Астана" – 0:0
"Атырау" – "Ордабасы" (Шымкент) – 1:1
Голдар: Касьянов, 15 (0:1). Трифунович, 25 (1:1).
"Ертіс" (Павлодар) – "Тобыл" (Қостанай) – 0:3
Голдар: Жұмасқалиев, 10 (0:1). Йеслинек, 29 (0:2). Йеслинек, 53 (0:3).
Алаңнан қуылды: Бурзанович, 50 ("Е").
"Тараз" – "Жетісу" (Талдықорған) – 1:0
Гол: Щеткин, 88.
Алаңнан қуылғандар: Джалович, 55 ("Ж"), Родионов, 83 ("Ж").
"Спартак" (Семей) – "Қайсар" (Қызылорда) – 1:1
Голдар: Струков, 57 (0:1). Йованович, 73 (1:1).