Футболдан Еуропа лигасы топтық кезеңіндегі екінші ойында "Астана" өз алаңында Францияның "Ренн" командасын 2:0 есебімен ұтып, "К" тобында 4 ұпаймен көш басына шықты, - деп хабарлайды Vesti.kz.
Футболдан Еуропа лигасы топтық кезеңіндегі екінші ойында "Астана" өз алаңында Францияның "Ренн" командасын 2:0 есебімен ұтып, "К" тобында 4 ұпаймен көш басына шықты, - деп хабарлайды Vesti.kz.
Астанадағы ойынды елордалық ұжым алғашқы минуттардан бастап-ақ ширақ бастады. Доп ұстау мен пас беруде басымдық танытып, гол соғуға ұмтыла түсті. Дегенмен бірінші таймда екі команда да сәтті қорғанып, шабуылшылардың белсенуіне мүмкіндік берген жоқ.
"Астана" ойындағы екі голды да екінші таймда соқты. 64 минутта Марин Томасовтың бұрыштамадан асырған добына Бахтиор Зайнутдинов бірінші жетіп, баспен гол соғып, есеп ашты. Одан кейінгі аралықта француз командасының шабуылы ширап, есепті теңестіруге ұмтылды. Ойыншылар алмастырып, Астанадан ұпайсыз қайтпауға тырысты. Елордалық клубтың бас жаттықтырушысы қызметін атқарушы Григорий Бабаян да ойын жүйесін қорғанысқа бейімдеп, Янга мен Логвиненконы алаңға шығарды. Гол соққан Зайнутдинов пен шабуылда сирек көзге түскен Кабананга өз орындарын босатты.
Фото: Тұрар Қазанғапов пен Alexei Filippov (REUTERS)
"Ренн" командасының соңғы минуттардағы шабуылдағы қарқыны артты. Тіпті есеп теңестіретін бірнеше мүмкіндігі де болды. Бірде Эрич, бірде қақпа бағаны құтқарды. Ал ойын аяқталар тұста қарымта шабуылда "Астана" ойыншыларының асығы алшысынан түсті. Янга Марин Томасовқа тамаша пас асырып, екінші голдың соғылуына мүмкіндік жасады. Марин болса бар жылдамдықпен жүгіріп, өз мүмкіндігін мүлт жібермеді. Есеп 2:0. "Астана" 3 ұпайға ие болды.
Топтағы бірінші ойында Киевтің "Динамо" клубымен тең ойнаған елордалық ұжым "К" тобында 4 ұпаймен көш басына шықты. Бірер сағаттан кейін украиналық команда сырт алаңда "Яблонецпен" кездеседі.
"Астана" топтағы үшінші ойынын 26 қазан күні сырт алаңда Чехияның "Яблонец" командасына қарсы өткізеді.