Футболдан Қазақстан премьер-лигасында он бірінші турдың ойындары өтіп, ел біріншілігінің бірінші айналымы тәмамдалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Футболдан Қазақстан премьер-лигасында он бірінші турдың ойындары өтіп, ел біріншілігінің бірінші айналымы тәмамдалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бірінші айналымда "Ақтөбе" топ жарды. Соңғы бес турда қарсыластарын үй демей, түз демей ұтып, басты бәсекелестерінен қара үзді. Бұл турда екпінді "Ертісті" етпетінен түсіріп, ойсырата жеңді.
Рас, Павлодар клубы бір сағаттан астам уақыт бойы айбынды "Ақтөбенің" арынына төтеп берді. Бірақ соңғы жиырма минутта көшбасшының қыспағына шыдай алмай, үш рет ойынды ортадан бастауға мәжбүр болды. Осылай "Ақтөбе" екінші орындағы елордалықтардан бес ұпай ұзап кетті.
Ал "Астана" Атырауда сүрінді. Ойын басталған бетте "Атыраудың" нигериялық қорғаушысы Майкл Одибе алаңнан қуылып, алаң иелері бір жарым сағаттай кем құрамда ойнады. Әйтсе де, жігерлік танытып, елордалықтардан басым түсті.
Мұны "Шахтер" ұтымды пайдалана білді. Өз алаңында "Тобылды" тас-талқан қылып, "Астананы" қуып жетті десек те болады. Әрі алғашқы екі голды Ұлан Қонысбаев соғып, спорттық бабына енді келе бастағанын көрсетті. Ал "Тобыл" екінші рет қатарынан ұтылып, төмен қарай сырғып барады.
"Қайсар" қайран қалдыруын одан әрі жалғастыруда. Бұл жолы Талдықорғанда "Жетісуды" жүрелетіп, үш ұпай олжалап қайтты.
Тараздағы оңтүстік дербиінде алаң иелері «Ордабасы» клубын тақырға отырғызып кетті.
Жеңілістен көз ашпай жүрген "Спартак" бұл турда да өз қақпасына бес гол жіберіп алды. Өткен турда Астанадан бес гол «арқалап» қайтқан шығыстықтар бұл жолы өз алаңында "Қайраттың" бес шабуылына қайрат көрсете алмады.
Сонымен бірінші айналым мәресіне жетті. Премьер-лигадағы барлық командалар 11 ойыннан өткізді. Жоғарыда жазғанымыздай, "Ақтөбе" алшаң басып, 26 ұпаймен көш бастады. "Астана" 21 ұпаймен екінші орында тұр. "Шахтер" 20 ұпаймен елорадықтардың өкшесін басты. "Қайсар" 18 ұпаймен төртінші орынға нық орналасты.
"Қайрат" та қарқынын үдетіп, жоғары өрлеп келеді. 17 ұпаймен бесінші орынды "меншіктеп" алды. "Атырау" 16 ұпаймен үздік алтылыққа ілікті. "Ордабасы" 14 ұпаймен жетінші орынға, ал "Жетісу" 13 ұпаймен сегізінші орынға табан тіреді. "Тобыл" 12 ұпаймен тоғызыншы орыннан тапжыла алар емес.
"Ертіс" пен "Тараз" 11 ұпаймен 10-11 орындарда қатар тұр. Әрине, екеуі де дәл осы көрсеткіштеріне мүлде разы емес. Бірінші айналымда бар болғаны үш ұпай еншілеген "Спартак" соңғы орыннан ғана сая тауып, сарыуайымға салынып жүр.
Қазақстан чемпионаты. Премьер-лига. ХІ тур.
"Ақтөбе" – "Ертіс" (Павлодар) – 3:0
Голдар: Хайруллин, 69 (1:0). Пизелли, 77 (2:0). Гейнрих, 83-пенальтиден (3:0).
"Шахтёр" (Қарағанды) – "Тобыл" (Қостанай) – 4:1
Голдар: Қонысбаев, 22 (1:0). Қонысбаев, 45 (2:0). Топчагин, 74 (3:0). Джалилов, 82 (3:1). Финонченко, 84 (4:1).
"Атырау" – "Астана" – 1:0
Гол: Трифунович, 30-пенальтиден.
Одибе (Атырау) 2-минутта алаңнан қуылды.
"Жетісу" (Талдықорған) – "Қайсар" (Қызылорда) – 1:2
Голдар: Хунт, 12 (0:1). Р.Сариев, 50 (1:1). Струков, 82 (1:2).
"Тараз" – "Ордабасы" (Шымкент) – 2:1
Голдар: Щеткин, 9 (1:0). Воротников, 43 (2:0). Нұрғалиев, 90+2 (2:1).
"Спартак" (Семей) – "Қайрат" (Алматы) – 2:5
Голдар: Сиссей, 17-пенальтиден (0:1). Чович, 20 (1:1). Маркович, 22 (1:2). Кнежевич, 52 (1:3). Дарабаев, 55 (1:4). Йованович, 59 (2:4). Сиссей, 69 (2:5).