УЕФА чемпиондары лигасы аясындағы "Ақтөбе" және "Динамо" (Тбилиси) клубтары арасындағы қарымта матчқа билет жоқ. Билет кеше таусылып қалған, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
УЕФА чемпиондары лигасы аясындағы "Ақтөбе" және "Динамо" (Тбилиси) клубтары арасындағы қарымта матчқа билет жоқ. Билет кеше таусылып қалған, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Ақтөбе" және "Динамо" (Тбилиси) клубтары арасындағы екінші матчтың билеттері кеше таңертең сатыла бастаған. Ресми деректерге сүйенсек, 15 касса арқылы бір қолға үш билеттен сатылған. Бірақ айналасы бір-екі сағаттың ішінде билет таусылып қалғандай.
Тбилисидің әйгілі "Динамосы" келе жатыр дегенді естіп, жанкүйерлер үйлерінде отыра алмаған сыңайлы. Билеттердің сатылуына бір күн қалғанда "тіпті футболшылардың әйелдері де көпшілікпен бірге кезекке тұрып, билет сатып алулары керек" деген ақпарат тараған.
Содан, кеше таңертең кассалардың алдында қарақұрым халық бір-бірімен итерісіп, ығы-жығы болған. Полиция қызметкерлері тәртіп сақтауды қадағалап, кезекшілік еткен.
Бірақ билет жетпей, наразы болып жүрген жанкүйерлер жетерлік. Негізі, Интернет арқылы онлайн-сатылымды қолға алмаса, мұндай наразылықтар бола беретіндей.
Сонымен 12 500 жанкүйер сыйып кететін стадионда болатын ойынға билет қалмаған. Бірақ олардың арасында бұл ойынға тегін кіретіндер де бар. Олар – мүгедектер, балалар үйі тәрбиеленушілері, "Ақтөбе" клубының орталығында теңбіл доп әліппесін үйреніп жүрген жеткіншектер және т.б.
Естеріңізге сала кетейік, "Ақтөбе" – "Динамо" (Тбилиси) ойыны ертең сағат 21:00-де басталады. Тбилисиде өткен бірінші ойында 1:0 есебімен "Ақтөбе" жеңіске жеткен болатын.