Футболдан Қазақстан премьер-лигасының оныншы турында қызықты нәтижелер тіркеліп, негізінен алаң иелерінің мерейі үстем болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Футболдан Қазақстан премьер-лигасының оныншы турында қызықты нәтижелер тіркеліп, негізінен алаң иелерінің мерейі үстем болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Алаң иелерінің ырқына көнбеген – тек "Ақтөбе". Өткен маусымдағы ел чемпионы түзде "Тобылды" тобықтан қағып, қоржынына тағы да үш ұпай салды. Негізі, ақтөбеліктердің басты бәсекелестері "осы турда Владимир Никитенконың шәкірттері Қостанайда сүрінеді" деп болжап еді. Соны күтті де. Бірақ олай болмады. "Ақтөбе" – айылын жияр емес, сол баяғысынша көш басында.
"Астана" көпшілік күткен кезекті жеңісіне қол жеткізді. Өз алаңында көш соңындағы "Спартакты" тас-талқан қылып, көсіле шапты. Бұл ойында көптен бері көзге түспей кеткен Таңат Нөсербаев екі гол соғып, отандық жанкүйерлерді қуантты.
Ал "Шахтер" Алматыда "Қайраттан" ұтылып қалып, ақтөбеліктер мен астаналықтарды алға ұзатып алды. "Қайрат" болса, осы жеңісінің арқасында төрт саты жоғары өрледі. Бауыржан Исламханның да, "Қайраттың" да ойындары енді жүре бастағандай...
Бұл турда "Қайсардың" да айдарынан жел есті. Қызылорда футболшылары өз алаңында арынды "Атырауды" ұтып, екі саты жоғарылады. Әрі көшбасшылар үштігіне мейілінше жақындай түсті.
"Ордабасы" өз алаңында "Жетісу" футболшыларынан ұтылып қала жаздады. Бақтарына қарай, қонақтары ойын аяғына қарай пенальти соға алмай, үш ұпай олжалап қайту мүмкіндігін мүлт жіберіп қойды.
"Ертіс" өз алаңында "Таразды" тізе бүктіріп, қоржынына үш ұпай салды. Ең бастысы, өзімен қатарлас келе жатқан тараздықтардан үш ұпай алға озды.
Ел чемпионатының бүгінгі жағдайына көз жүгіртер болсақ, оныншы турдан кейін тек турнир кестесінің орта тұсындағы командалар ғана сапырылысып, орындарын ауыстырды. Көшбасшылар жұбы мен аутсайдер қос команда – сол бұрынғы орындарында.
"Ақтөбе" 23 ұпаймен көшбасшылық мәртебесінен әлі айырылғысы жоқ. "Астана" 21 ұпаймен чемпионды әлі өкшелеп келеді. "Шахтер" 17 ұпаймен үшінші орыннан қозғалар емес. Бірақ енді қамшыны баспаса, ізін басқан командалардың қуып жетулері мүмкін. Олар тым жақын қалды. Мысалы, тасы өрге домалаған "Қайсар" 15 ұпаймен төртінші орынға көтерілді. Ал қарқынын үдеткен "Қайрат" 14 ұпаймен бесінші орыннан бір-ақ шықты.
"Ордабасы" клубының да еншісінде тура осынша 14 ұпай бар. Бірақ Шымкент клубы төртінші орыннан төмен сырғып келеді. "Жетісу" мен "Атырау" 13 ұпаймен 7-8 орындарға төмендеп кетті. "Тобыл" 12 ұпаймен тоғызыншы орынды, ал "Ертіс" 11 ұпаймен онынышы орынды өздеріне лайық көрмей, көңілдері пәс. "Тараз" сегіз ұпаймен 11 орыннан жоғары көтеріле алмай, тыпыршып тұр. "Спартак" жалқы ұпайымен соңғы орынға табан тіреп, торығып жүр.
Қазақстан чемпионаты. Премьер-лига. Х тур.
"Тобыл" (Қостанай) – "Ақтөбе" – 0:2
Голдар: Неко, 14 (0:1). Кападзе, 71 (0:2).
"Қайрат" (Алматы) – "Шахтёр" (Қарағанды) – 2:0
Голдар: Кнежевич, 9 (1:0). Сиссей, 73 (2:0).
"Астана" – "Спартак" (Семей) – 5:0
Голдар: Нөсербаев, 15 (1:0). Нөсербаев, 52 (2:0). Дмитриенко, 72 (3:0). Кетевоама, 76 (4:0). Сисеро, 89 (5:0).
"Ордабасы" (Шымкент) – "Жетісу" (Талдықорған) – 1:1
Голдар: Заречный, 31 (0:1). Нұрғалиев, 45-пенальтиден (1:1).
Заречный (Ж) 69-минутта пенальти соға алмады.
"Қайсар" (Қызылорда) – "Атырау" – 2:1
Голдар: Пархачёв, 12 (0:1). Яблан, 56 (1:1). Хунт, 80 (2:1).
"Ертіс" (Павлодар) – "Тараз" – 2:0
Голдар: Дудченко, 19 (1:0). Бакаев, 72 (2:0).