Астанада өткен УЕФА-ның XXXVIII Конгресінде Мишель Платини бірнеше маңызды мәселелерге мейілінше мән беріп, айрықша тоқталып өтті. Бүгінгі таңда УЕФА үшін шектен тыс маңызды болып отырған сол өзекті мәселелерге атүсті тоқталып өтсек деп едік, - деп жазады Tengrinews.kz "Алаш айнасы" газетіне сілтеме жасап.
Астанада өткен УЕФА-ның XXXVIII Конгресінде Мишель Платини бірнеше маңызды мәселелерге мейілінше мән беріп, айрықша тоқталып өтті. Бүгінгі таңда УЕФА үшін шектен тыс маңызды болып отырған сол өзекті мәселелерге атүсті тоқталып өтсек деп едік, - деп жазады Tengrinews.kz "Алаш айнасы" газетіне сілтеме жасап.
1) УЕФА президентінің тебірене тілге тиек еткен мәселелерінің бірі бүгінгі таңдағы саясат пен футбол болды. Мишель Платнидің айтқандарын қазақшалап жеткізер болсақ, оның сөздері "футбол саясаттың жетегінде кетпеуі керек" дегенге саяды. "Қазір әлемде саяси жағдай ушығып тұр, футбол саясаттың айтқанымен жүрмеуі керек. Керісінше, оларды ымыраға келтіріп, бітімгершілікке шақыруға тырысуы керек. Спорт қашанда бейбітшіліктің символы болған. Ешқашан да содан айнымауымыз керек. Футбол – әлем халықтарын нәсіліне, ұлтына, әлеуметтік жағдайы мен дәулетіне қарамай өзіне баурап алатын ойын. Футбол өнерінің сол сиқырын саясаттың құралына айналдыруға болмайды!" - деп кесіп айтты.
2) УЕФА делдалдар қызметіне түбегейлі қарсы. Футболшы мен клуб арасына "жеңгетай" болып, ортадан ақша тауып жүрген агенттер қызметін түпкілікті құртуды көздейді. "Футболшы мен клуб арасындағы үшінші тарапты жоюымыз керек. Футболшы ешкімге тәуелді болмауы тиіс. Бұл – футболға жабысып отырған кесел" - деді Мишель Платини.
"Неліктен ақша табуды ғана көздейтін үшінші тарапқа футболшының тағдырын саудалауға мүмкіндік беруіміз керек" - деп, тағы бір түйіп қойды УЕФА басшысы. Әрі өзінің де бір кезде футболшы болғанын, олардың қызметтерін жақсы білетіндігін де бір көсеп өтті.
"Біз мұны футболға жат әрекеттермен күрес ретінде ФИФА-ға ұсындық. Егер ФИФА ешқандай қарекет қолданбайтын болса, онда біз мұнымен өз бетімізше күресіп, әрекет жасайтын боламыз. Делдалдармен күресуге бағытталған қарарларымыз бар" - деді Мишель Платини әр сөзін нықтап. Йозеф Зепп Блаттер бастаған ФИФА басшылары да Астанада болды, сол залда отырды. УЕФА басшысының бұл сөздерін олар да естіді...
3) УЕФА Конгресін кесел ретінде "күрсіндірген" тағы бір өзекті мәселе – келісілген ойындармен күресу. Футболда нәтижесі алдын-ала келісілген матчтар дерті белең алып отырғандығы ашық айтылды. Бұл футболдың сәні мен мәнін кетіретіндігі мен миллиондар сүйген беделіне нұқсан келтіретіндігі де жетесіне жете жеткізілді. Келісілген матчтармен күрес одан әрі күшейтілетіндігі, оған қатысты тұлғалардың аяусыз жазаланатындығы ескертілді.
Мишель Платини тіпті қыздар арасындағы Молдова құрамасының аға жаттықтырушысын бүкіл елдің алдында марапаттап, Прибалтика елдерінің бірінің өздеріне қажетті үш ұпайды "сыйлауына" үгіттеп, қомақты ақша ұсынса да, көнбегендігін баяндап, көпшілікке үлгі тұтты.
4) УЕФА жасыл алаңдағы футболшыларды нәсіліне қарап қорлауға жол бермейтіндігін қайталап та, қадап та айтты. Жасыл алаңдағы футболшыларды қорлау мен табалаудың кез келген түріне жол берілмейтіндігі жеткізілді. Ондайлармен күресудің де күшейтіліп, қатаң жаза қолданылатындығы ескертілді.
5) УЕФА әр түрлі жобалар арқылы футболды дамытуға айрықша көңіл бөлетіндіктерін жіктеп шықты. Мысалы, "Хет-трик" бағдарламасы арқылы өз құрамындағы 54 мемлекетке қанша ақша бөлініп отырғандығы және алдағы уақытта қанша қаржы бөлінетіндігі баяндалды. Бірден айтайық, бөлінетін қаржы жыл сайын арта бермек.
Бұл ретте Мишель Платини "біз футболды одан әрі дамыта беруге көңіл бөлеміз. Әсіресе балалар футболын өркендетуге күш салуымыз керек. Балалардың бәрі де футбол ойнауы керек. Талантты ма, таланты жоқ па, бәрі де футбол ойнап, осы бір тамаша ойыннан ләззат алып, оның қызығын сезіне білуі керек. Ал біз оларға жағдай жасап, мейілінше көмектесуіміз керек" - деп түйіндеді өз сөзін.
6) УЕФА басшысы барлық адамдар дүбірлі додалардағы қызықты матчтарды тамашалауы керек деген пікірін білдірді. "Әрбір адам әлем және Еуропа чемпионаттарының ақтық сынындағы ойындарды өмірінде бір рет болсын стадионан тамашалап, үлкен футболдың қызығын көруі керек" - деді. Бұл ретте футболды көгілдір экран мен стадионнан көру мүлде екі түрлі ләззат екендігі де тілге тиек етілді. Осыған орай, табысы (жалақысы) өте аз адамдардың жағдайларын ойластырып, оларға да осындай мүмкіндік туғызу қажеттігі айтылды. Алдағы уақытта билет сатудың ІV (төртінші) санаты жасалып, осы мәселе қолға алынатындығы мәлімденді.
7) Сөз соңында УЕФА Еуропадағы қаржы дағдарысына қарамай, пайда тауып отырғандығын ашық жариялады. УЕФА-ның бюджеті айналымындағы қаржы миллиондаған евроны құрайды. Пайданың қайнар көзі Чемпиондар лигасы екендігі де айтылды. Әлемдік қаржы дағдарысы кезінде шаш етектен пайда көріп отырған УЕФА-ға сүйсіндік. Ал Мишель Платини "Бүкіл әлем саған риза – УЕФА. Ұлы ұйым (яғни УЕФА) футбол кітапханасында тамаша кітап жазып жүр" - деп тебіренді.
PS:
УЕФА Конгресінде әрбір баяндама бейнекөрсетіліммен тұздықталып отырды. Әсіресе келісілген матчтармен және нәсілге бөлінушілермен күрес жөніндегі бейнероликтері адам толқытарлықтай өте әсерлі болды.